Accessibility links

Ресей журналисі Иван Сафронов мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталды


Ресей журналисі Иван Сафронов.

Ресей журналисі, “Роскосмос” басшысының кеңесшісі Иван Сафроновқа ресми түрде мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылды. Журналист айыпты жоққа шығарды. Бұл туралы оның адвокаты Иван Павловқа сілтей отырып “Интерфакс” агенттігі хабарлады.

Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) мәліметінше, Сафронов 2017 жылы Чехияға сол елдің барлау қызметіне қатысы бар адамға зат жіберген. ФСБ сондай-ақ журналистің телефон қоңыраулары мен хат алмасуын сараптап жатқанын айтты.

Сафроновқа журналистер кәсіподағы мен БАҚ қызметкерлері қолдау білдірді.

“Біз Иван Сафронов ісінің ашық тергелуін талап етеміз. Біз Иванның қамалмауы тиіс екенін сенімдіміз. Журналист террорист те емес, сатқын да емес, қылмыскер де емес. Мұны жоққа шығару үшін ойға қонымды айып тағылуы керек, тергеу мен сот тыңдауларын бейтарап, ашық және бүкіл қоғам қатыса алатындай жүргізу қажет” деп жазылған жүзден аса адам қол қойған ашық хатта.

7 шілде күні Мәскеу қаласы Лефортовский соты “Коммерсантъ” және “Ведомости” басылымдарының бұрынғы журналисі, “Роскосмос” корпорациясы басшысының қазіргі кеңесшісі Иван Сафроновты екі айға қамады. ФСБ Сафроновты журналист ретінде жұмыс істеп жүргенде Чехия барлау қызметіне құпия мәліметтер берді деп айыптады.

Тергеу бөлімінің мәлімдеуінше, Чехия барлау қызметі Сафроновты 2012 жылы жалдаған. Ал 2017 жылы оған Ресейдің Африка елдерімен әскери-техникалық әріптестігі жөнінде және Ресей әскерінің Таяу Шығыстағы әрекеті туралы дерек жинау тапсырылған, журналист оны орындаған.

Сафроновтың адвокаты сот ісінде жауапкердің кінәсін көрсететін дәлелді көрмегенін айтты. Сафроновтың бұрынғы әріптестері және жақындары істің қозғалуы оның журналистік жұмысымен байланысты деп санайды.

Ресейдегі ондаған бұқаралық ақпарат құралы биліктен Иван Сафроновтың ісін ашық жүргізуді талап етті. Әріптесіне қолдау білдірген ұжымдар қатарында: “Новая газета” , “Коммерсантъ“, “Ведомости“, “Медуза“, РБК, “Проект“, “Медиазона“, The Bell және Forbes (ресейлік нұсқасы) басылымдары бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG