Accessibility links

Қорғаныс вице-министрі коронавирустан қайтыс болды


Қазақстан қорғаныс вице-министрі Бақыт Құрманбаев.

Қазақстан қорғаныс министрлігі 14 шілде күні вице-министр Бақыт Құрманбаевтың қайтыс болғанын хабарлады. Министрлік сайтында жарияланған хабарламада 49 жастағы генерал-майордың неден қайтыс болғаны жазылмаған. Министрлік өкілі Әсет Есенғұлов Азаттыққа Құрманбаевтың коронавирустан көз жұмғанын айтты.

Құрманбаев 1970 жылы 21 қыркүйекте Өскемен қаласында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (1993), Ресейдің әскери академияларында (2005 және 2008 жылдары) білім алған.

“Бақыт Жанұзақұлы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде атқарған қызметінде жоғары кәсібилігімен және ауқымды тәжірибесімен ерекшеленді” делінген министрлік баспасөз қызметінің хабарламасында.

Министрлік мәліметіне сәйкес, Құрманбаев 2017 жылғы 6 мамырда “генерал-майор” әскери атағын алған. Марқұм қорғаныс министрінің орынбасары болып 2019 жылы сәуірде тағайындалған.

Хабарламада сондай-ақ Құрманбаевтың Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарын жоюда үлес қосқаны жазылған.

Марқұм қызметі үшін II-ші дәрежелі “Айбын” және II-ші дәрежелі “Данқ” ордендерімен марапатталған.

Құрманбаевтың қазасы коронавирустан және пневмониядан қайтыс болған шенеуніктердің қатарын толықтырды. 4 шілде күні Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлжазира Алдашева, 10 шілде күні Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров пневмониядан көз жұмды. Сонымен қатар аталмыш аурулардан Қазақстанның бірнеше өңірінде орталық аурухана бас дәрігерлері қаза тапқан.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 61 755 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның ішінде 35 911 адам жазылып, 375 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG