Accessibility links

Қазақстанда COVID-19 вирус жұқтырғандар 1,8 мыңға артып, 63,5 мыңға жетті


Дәріхана сыртында кезекте тұрған адамдар. Алматы, 8 шілде 2020 жыл.

Сейсенбі, 14 шілде күні Қазақстанда 1759 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Вирус жұқтырғаны расталғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша көш басында Нұр-Сұлтан (250) және Алматы (229) қалалары, Ақтөбе (196), Атырау (179) және Шығыс Қазақстан (139) облыстары. Қалған аймақтарда инфекция жұқтырғаны расталғандар жүзге жетпеген.

Вирус жұқтырған 915 адамда ауру белгілері байқалған. Ауру белгілері байқалмаған науқастар саны – 844. Кейінгі апталарда алғаш рет ауру белгілері байқалған науқастар саны ауру белгісі жоқ науқастар санынан озып отыр.

Өткен тәулікте 2097 адам COVID-19 ауруынан жазылып шыққан.

Эпидемия басталғалы Қазақстанда барлығы 63 514 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның ішіндегі 38 мың науқас аурудан жазылған, кемі 375 адам қайтыс болған. КВИ жұқтырған бірақ "өлімінің себебі басқа" деген 101 адам COVID-19 өлімі статистикасына кірмеген.

Аймақ бойынша жағдай мынадай:

Атырау облысы - 8297 (+179 адам жаңадан қосылған),
Алматы қаласы - 8040 (+229),
Нұр-Сұлтан қаласы -7149 (+250),
Қарағанды облысы – 6444 (+98),
Батыс Қазақстан облысы - 4226 (+98)
Шымкент қаласы - 4175 (+28),
Шығыс Қазақстан облысы - 3376 (+139),
Алматы облысы - 3291 (+82),
Ақтөбе облысы - 2545 (+196),
Жамбыл облысы - 2346 (+79),
Түркістан облысы - 2341 (+40),
Маңғыстау облысы - 2111 (+38),
Павлодар облысы - 1964 (+88),
Қызылорда облысы -1899 (+53),
Солтүстік Қазақстан облысы - 1845 (+75),
Ақмола облысы - 1769 (+42),
Қостанай облысы - 1696 (+45).

Қазақстанда жаз айларында коронавирус пен белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония ауруы өршіп тұр. Жыл басынан маусымға дейінгі аралықтағы алты айда пневмониямен 98 мың адам ауырса, шілденің бірінші аптасының өзінде (1-8 шілде) пневмонияға 56 809 адам шалдыққан. Оның ішіндегі 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған.

Ауруханалар лық толып, науқастар өзін-өзі емдеуге көшкен. Салдарынан дәріханалар адында ұзын-сонар кезектер пайда болып, дәрі тапшылығы байқалды. Тұрғындар өзіне және туысына дәрі іздеймін деп қала кезіп кетті. Мамандар адамдардың дәрі іздеймін сабылуының өзі індеттің өршуіне ықпал етуі мүмкін дейді. Ресми статистикаға күдік келтіретіндер қатары артып барады.

19 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева тест тапсырудың күндік көрсеткіші 28 мыңға жеткенін, келешекте бұл көрсеткішті 35 мыңға жеткізу жоспарланғанын, сондай­-ақ COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын 56 зертхананың жұмыс істеп жатқанын айтқан. Кейінгі аптада тәуліктік тест саны 12-18 мың аралықта болды. Ақтаеваның айтуынша, Қазақстанда бір расталған жағдайға 78 тесттен келеді.

29 маусым күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ПТР талдауының сапасына күдік келтіріп, Қазақстанның 100 мың адамға шаққандағы тест саны бойынша көп елден алда болғанымен, тестілеу сапасы вирус жұқтырғандарды анықтау тиімділігі бойынша “АҚШ-тағыдан 8 есе, Италия мен Ресейдегіден 4,5 есе, Канададағыдан 3 есе” төмен екенін айтқан.

Ал министрлік айтқан 56 зертхананың ішіндегі “Олимп”, Invivo секілді жекеменшік зертханалар осы уақыт аралығында ПТР талдауын жүргізу бойынша не жартылай не толық жұмыс істемеді. Тұрғындар ПТР анализін тапсырудың қиындағанын айтып шағынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG