Accessibility links

Тоқаев коронавируспен күресте көз жұмған 42 медқызметкерді марапаттады


Пандемия құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялаған медицина қызметкерлері. Алматы, 13 шілде 2020 жыл.

Қазақстан билігі коронавируспен күресіп жүріп қайтыс болған 42 медициналық қызметкерді түрлі дәрежедегі ордендермен марапаттады. Коронавирус пен пневмониядан көз жұмған медқызметкерлерді марапаттау туралы жарлыққа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Президент жарлығы Ақорда сайтында жарияланған жоқ. Оның электронды нұсқасын Азаттыққа денсаулық сақтау министрлігі берді.

Қазақстанда 13 шілде – пандемия құрбандарын еске алуға арналған аза тұту күні Тоқаевтың бірі коронавирустан, бірі пневмониядан қайтыс болған екі дәрігер – Көкшетау қаласының көпбейінді ауруханасында бөлімше меңгерушісі Олег Исаев пен Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозбағаровты “Қазақстанның Еңбек Ері” атағымен марапаттау туралы жарлығы шықты.

Бүгін, 15 шілдеде сол жарлықта коронавирус пен пневмониядан көз жұмған тағы 40 медицина қызметкерінің аты аталғаны белгілі болды. Олардың сегізіне түрлі деңгейдегі “Барыс” ордені, бесеуіне “Парасат” ордені, қалғанына “Құрмет” ордені берілген. Қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік атақ алғандар қатарында дәрігерлер, мейіргерлер, фельдшерлер және жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері бар.

13 шілде күні денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен күресіп жүріп көз жұмған 28 медицина қызметкерінің тізімін жариялады. Ол тізімде президент жарлығымен марапатталған Қозбағаров болмаған. Кейін денсаулық сақтау министрлігі тізімді өшіріп тастады.

Коронавирус індеті Қазақстанға келгелі аурумен күрескен медицина қызметкерлерінің өздері инфекция жұқтырып, үлкен дауға айналған. Алматы қаласы №12 клиникалық ауруханасында дәрігерлер жаппай COVID-19 инфекциясын жұқтырып, аурухананың өзі карантинге жабылды.

Кейінгі аптада коронавирустан не белгілі соған ұқсайтын пневмония ауруынан қайтыс болғандар қатарында дәрігер мен медицина қызметкерлерінің аты жиі айтылып жүр. Денсаулық сақтау министрлігі осы күнге дейін қанша медицина қызметкерінің коронавирус пен пневмония ауруларына шалдыққанын, оның нешеуі қайтыс болғанын айтпай отыр. Соңғы рет 18 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева 1904 медицина қызметкерінің коронавирус инфекциясын жұқтырғанын айтқан. Бұл сол кездегі расталған коронавирус жағдайларының 12 пайызын құраған.

Эпидемия басталғанда Қазақстан үкіметі қызметі барысында коронавирус инфекциясын жұқтырған медқызметкерге 2 миллион теңге, коронавируспен күресіп, өзі сол індеттен қайтыс болған медқызметкерге 10 миллион теңге төлейтінін хабарлаған.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 63 514 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның 38 мыңы жазылып шыққан, 375-і қайтыс болған. КВИ жұқтырған бірақ "өлімінің себебі басқа" деген 100-ден астам марқұм COVID-19 өлімі статистикасына кірмеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG