Accessibility links

Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны расталғандар 1,6 мыңға артып, 65 мыңнан асты


Коронавирус пандемиясы кезінде дәріхана алдындағы кезек. Алматы, Қазақстан.
Коронавирус пандемиясы кезінде дәріхана алдындағы кезек. Алматы, Қазақстан.

15 шілде күні Қазақстанда 1674 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Алматыда, Атырау облысында және Нұр-Сұлтанда вирус жұқтырғаны анықталғандар саны өзге аймақтардыкінен едәуір көп.

Елде барлығы 65 188 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Кеше, 15 шілде күні Қазақстан осы көрсеткіш бойынша әлемнің алғашқы отыз еліне кірсе, бүгін 29-орында тұрған Беларусьтің көрсеткішіне (65 443 адам) жақындап қалды.

Аймақтар бойынша жағдай мынадай:

Атырау облысы - 8515 (+218 адам жаңадан қосылған),
Алматы қаласы – 8259 (+219),
Нұр-Сұлтан қаласы -7353 (+204),
Қарағанды облысы – 6544 (+100),
Батыс Қазақстан облысы - 4327 (+101),
Шымкент қаласы – 4251 (+76),
Шығыс Қазақстан облысы – 3509 (+133),
Алматы облысы - 3379 (+88),
Ақтөбе облысы - 2598 (+53),
Жамбыл облысы - 2433 (+87),
Түркістан облысы - 2371 (+30),
Маңғыстау облысы - 2152 (+41),
Павлодар облысы - 2027 (+63),
Қызылорда облысы -1973 (+74),
Солтүстік Қазақстан облысы - 1940 (+95),
Ақмола облысы - 1812 (+43),
Қостанай облысы - 1745 (+49).

Ресми дерек бойынша, елде коронавирустан 396 адам қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрлігі маусымның соңынан бастап COVID-19 өлімі статистикасын аптасына бір жариялауға көшкен. Министрлік мұның себебін түсіндірерде өлім себебін анықтайтын комиссияның үлгере алмай жатыр, күн сайын жариялау адамдарды шатастырады деді. Одан бөлек коронавирус жұқтырып қайтыс болған, бірақ денсаулық министрлігі "өлімінің себебі өзге" деген адамдардың бөлек тізімі бар. Соңғы рет 2 шілде күні жаңарған ол тізімде 101 адам болған.

Өткен тәулікте коронавирустан жазылғандар 1058 адамға артып, жалпы саны 39 мыңнан асты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG