Accessibility links

Армения мен Әзербайжан шекарасында атыс қайта жалғасты. Екі тарап шабуылға бір-бірін айыптады


Армения әскерилері. 14 шілде 2020 жыл
Армения әскерилері. 14 шілде 2020 жыл

Армения және Әзербайжан арасындағы атыс бүгін, 16 шілдеде қайта жалғасты. Екі тарап елдімекендерге шабуылға бір-бірін айыптады.

Армения қорғаныс министрлігі ел әскерилері таңғы төртте қарсыластарының қозғалысын байқап қалып, диверсиялық әрекетінің жолын кесті деп мәлімдеді.

“Шиеленісті атыстан кейін қарсылас тарап артқа шегінді. Олардың тарапынан шығын бар” деді Ереван. Армения миномет пен зеңбіректен атыс шекарадағы Айгепар және Мовсес ауылдарының маңында болғанын айтады. Ел премьері Никол Пашиняннң сөзінше, Армения тарапынан шығын жоқ.

Ал Әзербайжан қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 16 шілде таңертең Армения әскері Тавуш ауданындағы шекарада орналасқан әзербайжандық әскерилерге шабуылдамақ болған. Баку "Армения әскерилері ірі калибрлі қару мен минометтен Агдам, Дондар Гушчу және Вахидли ауылдарына шабуылдады" деп мәлімдеді. Бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ, әскерилер арасында жараланған я қаза тапқандар бар-жоғы айтылмады.

Екі елдің шекарасындағы атыс 12 шілдеде басталып, үш күнге созылған. Баку 11 әскери, соның ішінде генерал-майор Полад Хашимовтің қаза болғанын хабарлады. Армения төрт адам қаза болып, ондаған адам жараланғанын айтты.

Бірнеше ел мен халықаралық ұйымдар жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Армения мен Әзербайжанды диалогқа шақырды.

1988-94 жылдары Әзербайжанның Таулы Қарабақ ауданында соғыс болып, 30 мыңға жуық адам қаза тауып, жүздеген мың жұрт босып кеткен.

Армяндар көп тұратын Таулы Қарабақ соғыстан кейін, 1988 жылы Әзербайжаннан бөлініп, де-факто тәуелсіз өмір сүріп жатыр. Бірақ оның тәуелсіздігін әлі бірде-бір ел мойындамаған. Өзін "Таулы Қарабақ республикасы" деп атайтын бұл ауданды жергілікті армяндар қорғап тұр делінеді. Ал Әзербайжан бұл аймақ Армения әскерінің қорғауында деп санайды. Қарабақта әскери қақтығыс ара-тұра болып тұрады. Жағдайды бейбіт жолмен реттеу үшін құрылған ЕҚЫҰ-ның Минск келісіміне Ресей, АҚШ және Франция мүше.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG