Accessibility links

Өзбекстанда дәрігерлерді "КВИ жұқтырсам, ешкімге кінә тақпаймын" деген қолхат жазуға мәжбүрлеп жатыр


Ташкент перзентханасындағы медқызметкер және жаңа туған сәби.
Ташкент перзентханасындағы медқызметкер және жаңа туған сәби.

Өзбекстанда шілде айынан бастап дәрігерлерге, мейіргерлерге және санитарлық-эпидемиологиялық орталық қызметкерлеріне "қызметтік міндетті атқару кезінде коронавирус инфекциясын жұқтырсам, тек өзімді кінәлаймын" деген қол хат жаздырып жатыр. Шағым айтқан медқызметкерлер жұмыс істейтін мекемелер бұл ақпаратты терістеп отыр.

Ташкент қаласындағы COVID-19 инфекциясынан емдейтін аурухананың мейіргері Азаттықтың өзбек қызметіне мұндай қолхатты он күн бұрын жазғанын айтты.

– Біз коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеумен төртінші ай айналысып жатырмыз, бірақ осыған дейін ешқандай қолхат жазбағанбыз. Екі апта үй карантинінде болып, жұмысқа қайта шыққанымда, менен қолхат жазуымды сұрады. Бұл он күн бұрын болатын. Қолхат мәтінін біреу оқып тұрды, сол себепті оны толықтай жаттап алмаппын. Бірақ мазмұны мынадай: "Егер жұмыста коронавирус инфекциясын жұқтырып алсам, ешкімге кінә тақпаймын". Менің көршім басқа ауруханада санитар болып жұмыс істейді. Ол да қолхат жазғанын айтты, – дейді мейіргер.

СЭҚ-те қолхат жаздырып жатқанын жазған Facebook пайдаланушысы.
СЭҚ-те қолхат жаздырып жатқанын жазған Facebook пайдаланушысы.

Ташкенттегі санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың бір қызметкері Азаттыққа хабарласып, оның әріптестерінен қызметтік міндетін атқару кезінде коронавируспен ауырса, ешкімге кінә тақпау жөнінде қолхат жазуды сұрағанын айтты.

– Мұндай қолхатты тек СЭҚ (санитарлық-эпидемиологиялық қызмет – ред.) қызметкерлерінен және дәрігерлерден алып жатыр. Олар мұны медқызметкерлерге үстемақы төлемеу үшін істеп отыр. Бірақ өмірімізге қауіп төндіретін олар емес, біз! СЭҚ қызметкерлері мен дәрігерлердің қаншамасы ауырып қалды, бірақ басшылық ақпаратты жасырып отыр. Қазір барлық ауруханада бейберекеттік орнаған. Бізде де дәл сондай жағдай. Адам жетіспейді. Егер бұдан әрі осылай жалғаса берсе, кім жұмыс істейді? – дейді СЭҚ қызметкері.

Facebook пайдаланушысы Dilafruz Yunusova Zoirova Ташкенттегі №1 клиникалық ауруханада отбасымен коронавирустан емделіп жатқанын, дәрігерлердің қолхат жазғаннан кейін жұмысқа деген зауқы жоғалғанын айтты.

"Біз емделіп жатқан бөлімде бір дәрігер, екі мейіргер жұмыс істейді. Олар коронавирус науқастары жатқан бес қабатқа жауапты. Мен олардан бүкіл бөлімге екі-ақ адам болып жұмыс істеуінің себебін сұрадым. Олар: "Көптеген дәрігер мен мейірге жұмысқа шығудан бас тартты, өйткені оларда вирус жұқтырған жағдайда тек өзін кінәлайтыны туралы қолхат алған" деп жауап берді" деп жазды Facebook пайдаланушысы Dilafruz Yunusova Zoirova.

Оның сөзінше, мемлекет дәрігерлер мен мейіргерлерден қолхат алғанша, оларға өтемақы төлеуі тиіс.

"Бұл қолхаттарды жыртып тастап, медқызметкерлердің жалақысын көбейту керек. Ал егер олар коронавирус инфекциясын жұқтыратын болса, онда өтемақы төлеу қажет" дейді Dilafruz Yunusova Zoirova.

Facebook желісіндегі "Халықпен диалог" деп аталатын топқа жарияланған бұл жазбаға 800-ден астам пікір жиналды. Олардың арасында дәл осындай жағдай Ташкенттің өзге ауруханаларында да байқалып отыр дегендер бар. Мәселен Ташкент медицина академиясының қызметкері қолхат жаздырту басталғаннан кейін академиядағы жағдайдың ушығып кеткенін жазған.

Азаттықтың өзбек қызметі жағдайдың мән-жайын нақтылау үшін Ташкенттегі №1 клиникалық ауруханаға және медицина академиясына сауал жолдады. Екі мекеменің басшылығы да қызметкерлерінен қолхат алатынын жоққа шығарды.

Редакция Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінен жауап ала алмады. Азаттық тілшілері ел астанасындағы және облыстардағы ауруханалардың медқызметкерлерімен сөйлесті. Олар қолхат алу тәжірибесі барлық жерде емес дейді.

Азаттықтың өзбек қызметінің редакциясына пандемия жағдайында медқызметкерлердің еңбек жағдайы ауырлағаны жөнінде шағым-хаттар көп түседі. Осыған дейін Бұхарадағы бес медқызметкер Азаттыққа қорғаныс киімінің уақтылы берілмеуінен коронавирус инфекциясын жұқтырғанын, уәде етілген төлемақыны алмағанын хабарлаған.

Сурхандарья облысының медқызметкерлері де редакцияға дәл осындай шағыммен хабарласты.

Наурыздың соңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев коронавирус науқастары емделіп жатқан мекемелерде жұмыс істейтін медқызметкерлер жалақысына ай сайын үстемақы алатынын мәлімдеген.

15 шілде күні Мирзияев денсаулық сақтау саласындағы жағдайдың нашар екенін мойындады. Селекторлық отырыс барысында ел президенті денсаулық сақтау министріне және Ташкент әкіміне жұмысын дұрыс атқармағаны үшін деп сөгіс жариялады.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Өзбекстанда барлығы 15 349 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Оның 8,9 мыңы аурудан жазылып шыққан, 76 кісі қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG