Accessibility links

Ресей: Хабаровскіде қамаудағы губернатор Фургалды қолдау акциясына ондаған мың адам қатысты


Хабаровск тұрғындарының қамаудағы губернаторы Сергей Фургалды қолдау акциясы. 18 шілде 2020 жыл.
Хабаровск тұрғындарының қамаудағы губернаторы Сергей Фургалды қолдау акциясы. 18 шілде 2020 жыл.

Бүгін, 18 шілде күні Ресейдің Қиыр Шығыстағы қаласы Хабаровскте қамауға алынған өлке губернаторы Сергей Фургалды қолдайтын жаңа акция өтті. Оның қатысушылары губернаторды Мәскеудегі "Лефортово" тергеу абақтысынан босатуды талап етті. Акцияға ондаған мың адам қатысты. Бұл қаланың заманауи тарихындағы ең ірі акция болуы мүмкін.

Сенбі күні өткен акцияға түрлі болжам бойынша 15 мыңнан 50 мыңға дейінгі аралықта адам қатысқан. Полицияның ресми саны әлі жарияланған. Наразы тұрғындар өлке үкіметі ғимаратының алдындағы Ленин ескерткішінің жанына жиналып, жақын маңдағы көшелермен жүріп өтті. Полиция наразылардың ісіне араласпай, сырттай бақылап тұрды.

Кешке таман акция қатысушыларының бір бөлігі наразылық акциясын Хабаровск мэриясының алдында жалғастырды. Жиналғандардың бір бөлігі таңертеңге дейін кетпеуге бекініп отыр. Қатысушылар "Бостандық" және "Мен/біз Сергей Фургалмыз" деген ұрандарымен қатар саяси тұтқындарды, соның ішінде Амурдағы Комсомольск қаласының ЛГБТ белсендісі Юлия Цветкованы босатуды талап етті. Наразылардың арасында әртүрлі адамдар: зейнеткерлер, баласымен бірге шыққан ата-аналар және жастар бар, дейді Азаттықтың орыс редакциясына тиесілі "Сибирь.Реалии" жобасының тілшісі.

Билік шеру қатысушыларының санын азайтуға тырысты. BBC-дің орыс қызметі мұндай тапсырманы Ресей президентінің Қиыр Шығыс федералды округындағы өкілі Юрий Трутнев берді дейді. Коронавируспен күрес жөніндегі федералды штаб өлкені коронавирус жұқтырғандар саны өсіп бара жатқан жалғыс аймақ деп атады. Қала мэрі тұрғындардың акция кезіндегі шуға шағынып жатқанын айтты. Фургалдың адвокаты оның рұқсат етілмеген акцияны мақұлдамайтынын айтты.

Хабаровскідегі шерулер мен акциялар осымен сегізінші күн өтіп жатыр. Бүгін шерушілерге Қиыр Шығыстағы қалалар қосылды. "Сибирь.Реалии" жобасының есептеуінше Хабаровск тұрғындары мен губернаторын қолдаған акцияға Владивосток қаласында мың адам қатысқан.

  • Полиция Сергей Фургалды 9 шілде күні Хабаровскідегі үйінен ұстап әкетіп, келесі үні Мәскеу сотының шешімімен қамауға алынды. Шенеунік 2000-жылдардың соңындағы кісі өлтіру ісі бойынша айыпталып отыр.
  • Фургал әлі де губернатор – оны жұмыстан алу немесе өлке басшысының міндетін уақытша атқарушыны тағайындау туралы шешім шыққан жоқ.
  • Саясаткер – билік партиясы “Едина Россияның” мүшесі емес санаулы аймақ басшыларының бірі. Ол – ЛДПР партиясының мүшесі. Фургал Хабаровск өлкесі думасының депутаты болған, екі рет мемлекеттік думаға сайланған. 2018 жылғы сайлауда сол кездегі губернатор Вячеслав Шпортты жеңген болатын. Сайлаудың бірінші сатысында ол Шпорттан 675 дауысқа, екінші сатысында 40 пайызға озып кетті.
  • Сергей Фургалмен бірге тергеу комитеті оның сыбайласы деп тапқан төрт адам қамалды. Олардың бәріне кәсіпкер Евгений Зори мен Олег Булатовты өліміне кінәлі, бизнесмен Александр Смольскийге қастандық жасады деген айыпталып отыр. Бұл қылмыстардың бәрі 2004 жылы жасалған.
  • Губернатор қызметінде Фургал шенеуніктердің жалақысы мен шығындарын азайтумен есте қалды. Ол сондай күдікті деп танылған мемлекеттік сатып алуларды тоқтатты. Сонымен қатар Фургалдың шешімі бойынша өлке үкіметінің меншігінде 8 жыл болған яхта сатуға қойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG