Accessibility links

АҚШ COVID-19 індеті өршіген тұста науқастарды емдеуге әскери медқызметкерлерді жұмылдырды


Коронавирус жұқтырған науқас және дәрігер. Калифорния, АҚШ.
Коронавирус жұқтырған науқас және дәрігер. Калифорния, АҚШ.

АҚШ билігі коронавирус пандемиясынан қатты зардап шеккен Техас және Калифорния штаттарына толастамай жатқан науқастар ағымын қабылдап үлгеру үшін әскери медқызметкерлерді жіберді. Өзге штаттар карантин шектеулерін күшейтті.

Сексен алты адамнан тұратын әскери медқызмет Техас штатындағы Хьюстон қаласының United Memorial медицина орталығының бір ғимаратына орналасты. Олар жергілікті дәрігерлерге коронавирус науқастарын емдеуге көмектеспек.

Техаста коронавирус пандемиясы өршіп тұр. Штат билігі 17 шілде күні төртінші тәулік қатарынан 10 мыңнан астам жағдай тіркелгенін айтты. Бір күнде 174 адамның қайтыс болған және бұл – эпидемия басталғалы ең үлкен көрсеткіш.

Калифорнияда әскери дәрігерлер, мейіргерлер және мамандар науқастарды қабылдап үлгере алмай жатқан сегіз ауруханаға жіберілді.

Reuters агенттігінің есептеуінше, штатта 17 шілде күні коронавирус инфекциясын жұқтырғандар кемі 9229 адамға артып, жалпы саны 374 144-ке жеткен. Бір күнде 119 COVID-19 өлімі тіркеліп, штаттағы коронавирус құрбандарының саны 7,5 мыңға жуықтады.

АҚШ-та 17 шілде күні үшінші тәулік қатарынан рекордтық өсім байқалып отыр. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, сол күні 24 сағат ішінде 77 638 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Бір күнде 927 адам қайтыс болған. Бұл да – тәулік рекорды.

Елде барлығы 3,7 миллион адамның вирус жұқтырғаны расталған. Қайтыс болғандар саны – 140 мың.

17 шілдеден кейін оқушылардың күзде мектеп партасына отыруы екіталай болып қалды. Калифорния штатының губернаторы мектептің ашылуына жаңа шарт қойды. Штаттың коронавирустың тарауы күшейіп бара жатқан аудандарында мектеп ашылмайды деді губернатор Гэвин Ньюсом. Бұл дегеніміз штаттағы 58 ауданның (county) 32-сінде мектеп есігі ашылмайды дегенді білдіреді. Олардың қатарында Лос Анджелес, Сан Диего және Сан-Франциско бар.

"Оқушылар, мұғалімдер, қызметкерлер және ата-аналар мектептің ашылғанын қалайды. Бірақ мұны тек қауіпсіз болса ғана жүзеге асыруға болады" деді Ньюсом телевизиялық брифингте.

Техас штаты мемлекеттік меншігіндегі мектептерге күзге дейін ашылмауға рұқсат берді. Штатта 5 миллион оқушы бар.

Чикагода оқушыларға мектепке аптасына екі рет баруға рұқсат етілді. Қалған үш күнде білім беру қашықтан жүреді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 18 шілде күні бір тәулікте 259 848 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған.

Бір күнде 7360 адам індеттен көз жұмды. Бұл – 10 мамырдан кейінгі ең үлкен көрсеткіш.

Коронавирус жұқтырғандардың қатты артуы АҚШ-та, Бразилияда, Үндістанда және ОАР-да байқалып отыр. Австралияда ел премьер-министрі Скотт Моррисон 18 шілде күні парламенттің тамыздың басына белгіленген кезекті отырысын кейінге қалдырды. Оның сөзінше, елдің халқы ең көп екі штатында коронавирустың өршуі парламент отырысына қауіпті етпек.

"Үкімет парламент мүшелеріне, олардың қызметкерлеріне және парламенттегі жалпы қызметкерлерге төнетін қауіпті елеусіз қалдыра алмайды" деді Моррисон.

Ішкі Қытайда 17 шілде күні 22 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Бір апта бұрын 10 жағдай тіркелген болатын. 17 шілде күні тіркелген жағдайлардың 16-сы елдің батысындағы Шыңжаң өлкесінің үлесінде. Бұл аймақта қазақ және ұйғыр секілді діні ислам этникалық топтар тұрады. Қытай 2017 жылдан бері оларды "қайта тәрбиелеу лагеріне" жауып, халықаралық даудың астында қалған.

19 шілдедегі мәлімет бойынша, Қытайда барлығы 85 314 жағдай тіркелген. Қайтыс болғандар 4,6 мыңнан асқан. Алайда эксперттер Қытай дерегінің дәлдігіне күмән келтіреді.

Жаңалық Reuters, Associated Press агенттіктерінің хабары негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG