Accessibility links

Роухани: Зерттеу бойынша Иранда 25 миллион адам коронавирус жұқтырған


Иран президенті Хасан Роухани.
Иран президенті Хасан Роухани.

18 шілде күні Иран президенті Хасан Роухани мәлімдеме жасап, елде зерттеу бойынша эпидемия басталғалы коронавирусты 25 миллионға жуық адам жұқтыруы мүмкін деді. Осыны айтқан Роухани тұрғындарды пандемияға сақтықпен қарауға шақырды.

Роухани деректі денсаулық сақтау министрлігінің жаңа зерттеуіне сүйеніп айтқан. Ол зерттеуде вирус жұқтырғандар саны өте жоғары деген болжам жасалған.

"Біздің есебімізге сәйкес, осы күнге дейін 25 миллионға дейін адам осы вирусты жұқтырған және 14 мыңға жуық адам аурудан көз жұмған. [Министрлік] баяндамасында бұдан бөлек 30-35 миллион адам қауіп тобында деп айтылған" деді Роухани мәлімдемесінде.

Роухани 200 мыңнан астам адамның ауруханаға түскенін, келесі айларда бұл санның екі еселенетінін айтты. Роухани бұл есептің неге сүйеніп жасалғанын айтпады. Ал денсаулық сақтау министрлігінің зерттеуі әлі жарияланған жоқ.

Сәуір айында жарияланған парламенттік есепте коронавирустан қайтыс болғанда ресми деректегіден екі есе көп болуы мүмкін делінген. Есепте сондай-ақ тест санының аз болуына байланысты вирус жұқтырғандар тіркелген жағдайдан 8-9 есе көп болуы мүмкін екені атап өтілген.

Иран денсаулық сақтау министрлігінің 18 шілде күнгі мәліметінше, елде барлығы 271 606 адамның вирус жұқтырғаны расталған, 13 979 адам дерттен айыға алмай қайтыс болған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 14,3 миллион адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Аурудан 600 мыңнан астам адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG