Accessibility links

Энергия компаниясының жалақысыз қалған жұмысшылары биліктен көмек сұрады


Жаңаарқа ауданының орталығы Жаңаарқа ауылы. Қарағанды облысы.
Жаңаарқа ауданының орталығы Жаңаарқа ауылы. Қарағанды облысы.

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы "Сәкен және К" энергия тасымалдау компаниясының 30-дан астам жұмысшысы 20 айдан бері жалақы ала алмай отырғанын айтып, билікке үндеу жасап, мәселеге араласуды сұрады. 21 шілдеде олар Қарағанды облысының бұрынғы басшысы, қазір президент әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошановқа хат жолдады.

"Аудандық, облыстық әкімдік пен прокуратураға жүгінсек те мәселеміз шешілер емес. Ақпан айында Қарағандыда "Нұр Отан" партиясының бастамасымен жалақыға байланысты жиналыс өтті, сол кезде бізге "мәселелеріңіз жақын арада шешіледі" деп уәде берілген еді. Алайда еш нәтиже жоқ. Сот орындаушылары жалақыдан өндіріп беретінін айтып, көмектесуге уәде берген, бірақ олар өтінішімізді қайтарып берді. Ештеңе істей алмады. Осыған орай бұл мәселені шешуге көмектесуіңізді сұраймыз" делінген жұмысшылар мәлімдемесінде.

"Сәкен және К" кәсіпорнының директоры болған Нұржан Ежебаев сейсенбі күні Азаттыққа екі күн бұрын қызметінен кеткенін хабарлады.

- Әкімдік, прокуратура деңгейінде сөйлестік, олардың бәрі жағдайды беске біледі, бірақ... Құрылтайшылармен кездесе алмадық, біресе кіруге болмайды, біресе жоқ. Мен де жалақымды алмадым. Директор болуға келіскеніме өкінемін. Жұмысшыларға көмектесемін деп ойлаған едім, бірақ жағдай күрделі, ештеңе істей алмадық. Тек бір ғана айдың жалақысын ала алдық, бары сол" дейді компанияның бұрынғы директоры Нұржан Ежебаев. Ол бұл қызметке 2019 жылдың желтоқсан айында келген.

Азаттық тілшісі "Сәкен және К" компаниясының сенімді өкілі, заңгер Владимир Нейманға хабарласты. Ол "мәселе шешіліп жатыр" деп қысқа қайырды. Ал компания құрылштайшыларынан жауап ала алмадық.

Бұған дейін компания басшылығы жалақыны кешіктіруді "Қазэнергоорталық" кәсіпорнын энергиямен қамтамасыз ету кезінде туындаған келіспеушіліктермен байланыстырған. Қазір олар өзара соттасып жатыр.

Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері компанияның 34 жұмысшыға қарыз екенін растады. Басқарма жетекшісі Ирина Любарскаяның айтуынша, жұмысшылар полицияға арыз жазып, "Еңбек заңнамасын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Басқарманың айтуынша, компания жұмысшыларға 17,5 млн теңге қарыз. Ал жұмысшылар компанияның бұдан екі есе көп қарыз екенін айтады.

Жұмысшылар егер жұмыстан шықса, Жаңаарқа ауданындағы бірнеше елді мекен жарықсыз қалуы мүмкін, сондықтан әзірге жұмыста қала береміз дейді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG