Accessibility links

Қырғызстанда жемқорлық жайлы ашық айтқан шекарашы қайтыс болды


Талғат Аланов.
Талғат Аланов.

Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің қызметкері кенеттен қайтыс болды. Бұған дейін ол осы мекемедегі жемқорлық туралы ашық айтқан болатын. Билік оның "жүрек ұстамасынан" қайтыс болғанын айтса, туыстары марқұмның денсаулығына шағымданбағанын айтады.

Қырғызстанның шекара қызметі 22 шілдеде Ош облысы басқармасының қызметкері 38 жастағы аға офицер, подполковник Талғат Алановтың Ош облысындағы туған ауылына барғаннан кейін күндіз қайтыс болғанын хабарлады.

Марқұмның ағасы Данияр Алановтың айтуынша, түскі астан кейін бауырының жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақыртқан. Ош ауруханасына апара жатқан жолда Талғат Аланов қайтыс болған. Оны бейсенбі күні ислам ғұрпы бойынша жерледі. Оның денесіне талдау жасалды ма, жоқ па, белгісіз.

Былтыр қараша айында Аланов Бішкекте баспасөз мәслихаты кезінде шекарашылар жоғары лауазымды қызмет пен атаққа қол жеткізу үшін пара береді деп мәлімдеп, жергілікті ақпарат құралдарының назарын аудартқан болатын. Ол сонымен бірге жоғары басшылыққа пара жинайтын қызметкерлердің аты-жөнін де атаған. Ал Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі Алановтың мәлімдемесін жоққа шығарып, оны қарулы күштер қызметінің ішкі жарғысын бұзды деп айыптаған. Кейінірек басқарманың бес қызметкері Алановты "жала жабу" бабы бойынша айыптап, сотқа шағым түсірген.

Постсоветтік кеңістіктегі өзге мемлекеттер сияқты Қырғызстан да жемқорлықтан зардап шегіп жатыр. Мемлекеттік органдардағы жемқорлық фактілеріне назар аударуға тырысқан информаторлардың талпынысы көп жағдайда сәтсіз аяқталады, себебі қауіпсіздік пен сот органдарын жоғары элита басқарады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG