Accessibility links

Британия Солсберидегі қастандыққа Ресей билігінің қатысын тергемек


Дон Стёрджесс, «Новичок» уынан қаза тапқан Британия азаматы.
Дон Стёрджесс, «Новичок» уынан қаза тапқан Британия азаматы.

Британия соты Солсбериде уланған британиялық азамат Дон Стёрджестің (ханым) өліміне Ресей билігінің қаншалықты қатысты екенін тергеуі мүмкін. Бұл туралы Guardian газеті хабарлады.

Мұндай өтінішті Стёрджестің туыстары берген. Олар соттан 2018 жылы Солсбериде Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улау жөніндегі бұйрықты кімнің бергенін тергеуді сұрап отыр.

Стёрджестің туыстары британиялық коронер (құпия өлімді тергеп, анықтайтын адам – ред.) Дэвид Ридлидің осыған дейін қабылдаған шешімін даулап отыр. Ридли тергеуді Скрипальдерге қастандық жасаған адамдармен шектеу туралы шешім шығарған болатын.

Тергеу қызметінің айтуынша, Стёрджесс пен оның танысы Чарли Роули (ол да уланған, бірақ тірі қалған) Скрипальдердің улануынан бірнеше ай өткенде "Новичок" уы сақталған құтыны ұстап уланып қалған.

Сот тергеуді Ресейден келген агенттердің әрекетімен шектемей, қылмысқа Ресей билігінің қатысы бар-жоғын анықтау жөнінде шешім шығарды. Стёрджестің туыстары Британияға келген Александр Петров және Руслан Боширов дейтін агенттер бұйрықты "жоғарыдан" алды дейді. Олардың айтуынша, қастандыққа Ресей президенті Владимир Путиннің өзі жауапты болуы мүмкін. Олар сондай-ақ ресейлік агенттер "Новичок" уы сақталған құтыны әдейі тастап кетті деп отыр.

Сот қылмыстық процестің Британиядан өтетіні екіталай екенін, күдіктілердің қайда екенін белгісіз болып отырғанын, сол себепті оларды жауапқа тарту мүмкін еместігін мойындады. Сол себепті Стёрджестің өлімінің себебін коронер анықтауы тиіс.

Британия билігі "Петров" пен "Бошировты" Ресей барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның өміріне қастандық жасады (екеуі де осы қастандықтан тірі қалған) деп айыптап, қастандықты Ресей билігі ұйымдастырған болуы мүмкін деп мәлімдеді. Ресей Британия территориясында химиялық қару қолданды деп айыпталды. Осыдан кейін Британия бір топ ресейлік дипломатты еліне қайтарды. Британияға отызға жуық ел ізеттілік білдіріп, Ресейдің дипломатиялық өкілдігінде жұмыс істейтін қызметкерлердің біршамасын еліне қайтарды. Ресми Мәскеу қастандыққа қатысы барын жоққа шығарды.

Bellingcat зерттеу ұйымы Боширов пен Петровтың шын аты-жөні Алексей Чепига және Александр Мишкин екенін анықтаған. Бұл екеуі Ресей әскери барлау қызметінің мамандары. Өздерін Петров және Боширов деп таныстырған екі адам 2018 жылдың күзінде ресейлік RT телеарнасына сұхбат берген. Олар өздерін бизнесменбіз деп таныстырған, ал Солсбериге турист ретінде бардық деген және барлау қызметіне қатысы барын жоққа шығарған. Осы сұхбаттан кейін бұл екеуі журналистермен мүлдем байланысқа шықпаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG