Accessibility links

Өзбекстанда Әндіжан әкімі брифинг алдында журналистерге 500 доллардан берген


20 шілде күні Әндіжан әкімдігінде өткен брифинг кезіндегі журналистер.
20 шілде күні Әндіжан әкімдігінде өткен брифинг кезіндегі журналистер.

Өзбекстандағы Әндіжан облысының әкімі Шухрат Абдурахманов 20 шілде күні коронавируспен күрес мәселелері жөніндегі брифингке келген журналистерге 5 миллион сомнан (шамамен 500 доллар) берген. Бұл туралы Азаттықтың өзбек қызметі хабарлады.

Облыс әкімдігі журналистерге ақша бергенін жасырмайды. Әкімдіктің баспасөз қызметі мұны әкімнің журналистерге бір ай бұрын өтіп кеткен кәсіби мерекесіне орай берген "сыйлығы" деп атады. Әндіжан әкімі осыған дейін футболистерге, мақта терушілерге, ақындар мен бишілерге ақша берген, қымбат көлік сыйлаған.

Әндіжан әкімдігіне қатысқан бірақ аты-жөнін жарияламауды сұраған жергілікті журналистердің бірі Азаттықтың өзбек қызметіне "әкімнің сыйлығынан" бас тартпағанын айтты.

– Брифинг алдында облыс әкімдігі баспасөз қызметінен хабарласып, "брифингке келіңіз, әкімнің сізге деген сыйлығы бар, алып кетіңіз" деді. Біз облыс әкімдігіне бардық. Брифинг алдында жиналған журналистерге 5 миллион сомнан таратып берді. Бізге мұны "әкімнің сыйлығы" деп айтты. Ал брифинг соңында әкім журналистерге телефон нөмірін айтып, қандай да бір мәселе туса, хабарласуын сұрады. "Маған қоңырау шалыңыздар, мәселені бірге шешеміз" деді Абдурахманов журналистерге, – дейді журналист.

Әндіжан әкімінің журналистерге "сыйлық" бергенін тағы бір журналист растап отыр. Әндіжандық MY5 телеарнасының тілшісі Акмаль Муйдинов ақшалай сыйлық журналистерге кәсіби мерекесіне орай берілді дейді.

– Біз мұндай брифингтерге әрдайым бара бермейміз. Бұл жолы бізге хабарласып, әкімнің кәсіби мерекемізге арналған сыйлығын алып кетуді сұрады. Брифинг алдында баспасөз қызметінің қызметкері журналистерге ақша беріп шықты. Брифингке жиырмадан астам журналист қатысты. Біз бұл ақшаны әкімнің сыйлығы ретінде алдық, – деді Муйдинов Азаттықтың өзбек қызметіне.

Аты-жөнін атамауды сұраған өзге бір әндіжандық журналист облыс басшысының журналистерге ақша таратуынан мүдделер қайшылығын көретінін айтты.

– Журналистердің сұрағына жауап берудің орнына әкім оларға брифинг кезінде ақша таратады. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл журналисті сатып алу емес пе? Әкім – атқарушы биліктің өкілі, ал журналистер – төртінші биліктің өкілі. 27 маусым күні (Өзбекстандағы баспасөз және БАҚ қызметкерлерінің күні) әкім Абдурахманов осы журналистер мен блогерлердің әрқайсысына телевизордан сыйлады. Егер Әндіжан облысының әкімінде ақша көп болса, неге ол оны кедейлерге таратпайды?! Әндіжандық телеарналарды көрсеңіз, жүрегіңіз айниды, өйткені журналистер күні-түні облыс басшысын мақтап жатады. Мұндай сыйлықтан кейін әрине мақтайды!... Сөйте тұра облыста коронавирус індеті өршіп тұр, көзбояушылық та қалар емес, – деді жергілікті журналистердің бірі Азаттыққа.

Әлеуметтік желіде шенеунік бұл ақшаны қайданы алды деп сұрақ қойып жатқандар бар. Бұл сұрақтарға әкім Абдурахманов "сыйлықты кім-көрінгенге емес, халқыма беріп жатырмын" деп жауап берген. Солай дей тұра әкім ақшаны қайдан алғанын айтпады.

"Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders) халықаралық ұйымының баспасөз еркіндігі бойынша рейтінгінде Өзбекстан 156-орында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG