Accessibility links

Қазақстанда Covid жұқтырғаны расталғандар 1,5 мың адамға артып, 82 мыңға жақындады


Карантинге жабылған балалар ойын алаңы. Алматы, 22 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.

25 шілде күні Қазақстанда коронавирус инфекциясы 1494 адамнан анықталды. Вирус жұқтырған 856 адамда аурудың клиникалық белгілері байқалған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Көш басында – Нұр-Cұлтан қаласы (284), Шығыс Қазақстан облысы (192) және Алматы қаласы (173). Кейінгі күндері вирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан облысы өзге облыстардан алда келеді. Облыста күн сайын 150-ден астам жағдай тіркеліп отыр.

Ең төменгі көрсеткіш Ақтөбе (12) және Түркістан (21) облыстарының үлесінде.

Кеше, 25 шілде күні кейінгі апталардың ең төменгі көрсеткіші тіркелді. Маусымның ортасынан шілденің бірінші жартысына дейін індеттің тарауы күшейіп тәуліктік көрсеткіш 2 мыңға жуықтап отырған. Үкімет алдымен 5 шілдеден бастап екі аптаға карантин шараларын енгізді. Кейін карантинді 2 тамызға дейін ұзартты. Айдың ортасынан күнделік көрсеткіш 1,6 мыңға төмендеді.

Бірақ мұның бәрі тек зертханалық талдау кезінде коронавирустың бары расталған ресми дерек қана. Елде ондаған мың адам белгілері бойынша коронавируске ұқсайтын, бірақ ПТР нәтижесі коронавирустың жоқ екенін көрсеткен пневмония ауруына шалдыққан. Үкімет олардың тек 1 тамыздан бастап негізгі санаққа қоспақ.

Бұдан бөлек тест санының аздығы бар. Маусым айында денсаулық сақтау министрлігі күнделік тест саны 28 мыңға жеткенін, келесі айларда 38 мыңға жететінін айтқан. Алайда қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметіне сәйкес, кейінгі апталарда күнделік тест саны 12-18 мың шамасында болған. Бұдан бөлек, тестің аймақ бойынша дұрыс арақатынаспен үлесірілмеу мәселесі де бар. Мұны ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та мойындаған.

Эпидемия басталғалы Қазақстанда барлығы 81 720 адамның вирус жұқтырғаны расталған. Соңғы дерек бойынша, вирустан ресми түрде 610 адам қайтыс болған. Сондай-ақ коронавирус инфекциясын жұқтырған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген 319 адам бар.

Аймақтар бойынша жағдай мынадай:

  • Алматы қаласы - 10 491 (+173 адам жаңадан қосылды),
  • Атырау облысы - 9951 (+85),
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 9778 (+284),
  • Қарағанды облысы – 7952 (+121),
  • Шығыс Қазақстан облысы – 5321 (+192),
  • Батыс Қазақстан облысы - 5306 (+95),
  • Шымкент қаласы – 4654 (+39),
  • Алматы облысы – 3992 (+59),
  • Жамбыл облысы – 3236 (+53),
  • Ақтөбе облысы – 2922 (+12),
  • Павлодар облысы – 2826 (+73),
  • Қызылорда облысы – 2730 (+24),
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 2705 (+80),
  • Маңғыстау облысы – 2654 (+71),
  • Түркістан облысы – 2592 (+21),
  • Ақмола облысы – 2314 (+54),
  • Қостанай облысы – 2296 (+59).

Ресми дерек бойынша, коронавирустан жазылғандар саны 563-ке артып, 51 823-ке жетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG