Accessibility links

Қытай АҚШ-ты Хьюстондағы консулдығына заңсыз кірді деп айыптады


Қытайдың АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы консулдығы.
Қытайдың АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы консулдығы.

25 шілде күні ресми Пекин АҚШ құқық қорғау органдары Қытайдың Хьюстондағы консулдығына заңды бұза кірді деп шағынды. Консулдық АҚШ билігінің талабы бойынша 24 шілде күні жабылған болатын.

Қытай сыртқы істер министрлігі мұны консулдық "ғимаратына күшпен кіру" деп атап, наразылық білдірді. Министрлік сондай­-ақ Қытайдың жауап қайтаратынын мәлімдеді. СІМ мәлімдесеніде консулдық Қытай меншігі саналады, АҚШ-пен дипломатиялық келісімге сәйкес, АҚШ қызметкерлерінің оған өз қалауымен кіруге құқығы жоқ делінген.

Техас штатына кіретін Хьюстон қаласындағы консулдық екі ел арасындағы қарым-қатынас нашарлаған тұста жабылды. Қытай дипломаттары жеке заттары мен құжаттарын жүк көліктеріне тиеп, алып кеткен соң, АҚШ құқық қорғау органдарының қызметкерлері консулдықтың есігін ашып, ішіне кірген. АҚШ-тың консулдықты жабу талабына қарсы жауап ретінде Қытай билігі АҚШ-тың Чэндудағы консулдығын жабуды талап еткен болатын.

Вашингтон мен Пекиннің қарым-қатынасы 21 шілде күні АҚШ билігі Хьюстондағы консулдықты жабу туралы талап қойғаннан кейін одан әрі шиеленісті. Америкалық тарап Қытайдың дипломатиялық өкілдігі тыңшылықпен айналысты және интеллектуалдық меншікті ұрлады деп мәлімдеді.

Кейінгі жылдары АҚШ пен Қытай арасындағы байланыс шиеленіске толы болып отыр. АҚШ Қытайды Шыңжаңдағы діні ислам этникалық топтарға қарсы қудалау саясатын, Оңтүстік Қытай теңізіне әскери база салуын, Гонконгтың қауіпсіздігі туралы заң қабылдап, автономия мәртебесі бар қаланың ішкі ісіне араласуын сынап, ел үкіметінің өзіне және шенеуніктеріне санкция жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG