Accessibility links

БҰҰ: Ауғанстанда жарты жыл ішінде 1200-ден астам бейбіт тұрғын қаза болды


Ер адам шабуылдың кесірінен бүлінген терезе қалдықтарын тазалап жатыр. Кабул, 29 сәуір 2020 жыл.
Ер адам шабуылдың кесірінен бүлінген терезе қалдықтарын тазалап жатыр. Кабул, 29 сәуір 2020 жыл.

Ауғанстанда 2020 жылдың алғашқы жартысында 1 282 бейбіт тұрғын қаза болған. Олардың 340-ы - бала. Бұған қоса, 2 176 бейбіт тұрғын (арасында 727 бала бар) жарақаттанған. Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстан бойынша миссиясының (UNAMA) 27 шілде күні жариялаған есебінде осындай мәлімет айтылады.

- Соғыс қимылдары күн сайын бейбіт тұрғындарға адам шошырлық зиян келтіріп жатыр, ал Ауғанстан үкіметі мен тәліптердің келіссөз үстеліне отыруға тарихи мүмкіндіктері бар, - деді БҰҰ бас хатшысының Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Дебора Лайонс.

Кісі өлімінің 58 пайызы үкіметке қарсы күштер - «Талибаннан» бастап экстремистік «Ислам мемлекеті» ұйымы мен белгісіз содыр топтар мойнына жүктеледі деп көрсетілген. Адам өлімінің көбеюіне Ауғанстан үкімет күштерінің әрекеті де ықпал еткен (23 пайызына жауапты). Есепте былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда адам өлімі мен жарақаттану жағдайы 13 пайызға азайғаны айтылған.

Ауғанстанда бейбітшілік орнату талпыныстары сәтсіздікке ұшырап, Кабул мен тәліптер арасында тұтқындар алмасу бойынша қарама-қайшылықтар өршіген сәтте осындай баяндама жарық көріп отыр. АҚШ бейбітшілік процесіне ықпал ету үшін Ауғанстан жөніндегі арнайы уәкілін бес елге жіберген.

25 шілдеде жарық көрген АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде АҚШ-тың Ауғанстан жөніндегі арнайы уәкілі Залмай Халилзадтың Доха, Исламабад, Кабул, Осло және Софияға баратыны жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG