Accessibility links

Өзбекстанда Сардоба су қоймасындағы жарылыс бойынша тоғыз адам қамалды


Сардоба су қоймасы жарылған соң су алған елдімекен. 2020 жылдың мамыры.
Сардоба су қоймасы жарылған соң су алған елдімекен. 2020 жылдың мамыры.

Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы жарылысқа байланысты қозғалған іс бойынша 9 адам қамауға алынды. Бұл туралы елдің бас прокуратурасы хабарлады.

Су қоймасы биыл 1 мамырда жарылып, Өзбекстанда алты адам қайтыс болып, 70 мыңдай адам эвакуацияланған. Сардоба суы Қазақстанға дейін өтіп, Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылды су алған еді.

Күдікке іліндендер арасында "Сырдария сув курилиш инвест" мекемесінің құрылысқа тапсырыс берушісі, UzGip компаниясының жобалаушысы, "Узтемирйулкурилишмонтаж" мекемесінің бас мердігері, "Резаксой сув курилиш" мекемесінің мердігері, "Тупаланг Шеробод" мекемесінің мердігері, су шаруашылығы министрлігінің қызметкері бар.

Тексеріс қорытындысында су қоймасындағы жарылысқа жобалау құжатындағы, құрылыс кезіндегі қателіктер себеп деп көрсетілген.

Сардоба су қоймасы 2017 жылы салынған. Құрылысты салуға елдің қазіргі президенті Шавкат Мирзияев премьер болып тұрғанда пәрмен берген. Су қоймасын салуға 404,4 млн доллар бөлінген.

Өзбекстандағы су апатынан Қазақстанның Мақтаарал ауданындағы алты ауыл зардап шекті. Көлденең келген апаттан мыңнан астам тұрғын үй, үш мектеп, бес балабақша, бірнеше медицина мекемесі мен мәдениет үйі бүлінді. Су алған аймақта тұратын 31 мыңнан астам адам үй-мүлкін тастап кетуге мәжбүр болды. Қазақстан билігі апаттан зардап шеккендерге 100 мың теңге (240 доллар) төледі.

Оқи отырыңыз: Топан су, бас сауғалаған жұрт һәм шіріген мал. Мақтааралда не болды?

Сарапшылар су қоймасының апатына жемқорлық, құрылыс материалдарына бөлінген қаржыны жеуден болды деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG