Accessibility links

Украина Иран күштері атып түсірген жолаушылар ұшағының өтемақы мәселесін талқылайды


Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба.
Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба.

Иран делегациясы қаңтар айында ирандық әскерилер атып түсірген украиналық жолаушылар ұшағының өтемақы мәселесін талқылау үшін Украинаға барады. Бұл туралы Украинаның сыртқы істер министрі хабарлады.

"Болған жағдайды ескерсек, Ираннан сол әрекеті үшін ең жоғары құн сұрауға барлық жағынан негіз бар. Өтемақы көлемін айта алмаймын...Талқылау нәтижесі сол болмақ" деді Варшавадағы баспасөз мәслихаты кезінде Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба.

Кулебаның сөзіне қарағанда Украина 29-30 шілдеде өтетін келіссөзге ұшақ апатынан зардап шеккен барлық мемлекет пен топтар атынан қатысады.

Украина авиакомпаниясының "Боинг-737" ұшағы 8 қаңтарда Тегеран әуежайынан көтеріле бере құлап, борттағы 176 адам қаза болды. Бастапқыда Иран билігі "ұшақты зымыран атып түсірді" деген тұжырымды жоққа шығарды. Алайда зымыран шабуылы болғаны туралы видеожазбалар пайда болғаннан кейін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы ұшақты қателесіп, атып түсіргенін мойындады.

Апаттан қаза болғандардың басым бөлігі - Иран және Канада азаматтары. Экипаж мүшелері - Украинаның 11 азаматы, Швеция, Ауғанстан, Германия, Ұлыбритания азаматтары да қаза болған.

Парижде ұшақтың қара жәшігіндегі деректер алынған. Канаданың көлік қауіпсіздігі бюросы 23 шілдеде экипаж мүшелерінің деректері мен дауыстарын зерттеу жұмыстарының алдын ала нәтижесі дайын, бірақ зерттеу аяқталған жоқ деп мәлімдеген.

Иранның әуе апаттарын зерттеу бюросы оқиғаны зерттеп жатыр, оның барысын Канада, АҚШ, Швеция, Ұлыбритания сарапшылары және Boeing шығарушы компания, ұшақ қозғалтқышын өндіруші Safran компаниясының өкілдері бақылап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG