Accessibility links

Малайзияның  экс-премьері сотталды. Ол қымбат сыйды қазақ күйеубаласынан алғанын айтқан


Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың сотқа келуі. Куала-Лумпур, шілде айы 2018 жыл.
Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың сотқа келуі. Куала-Лумпур, шілде айы 2018 жыл.

Малайзия соты жемқорлық бойынша айыпталған елдің бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разакты 12 жылға бас бостандығынан айырды.

28 шілдеде сот экс-премьерді "өкілетін арттырды" және "ақша жымқырды" деп танып, 49,3 млн доллар көлемінде айыппұл төлеуге де міндеттеді. Судья Наджиб Разакты үкім күшіне енгенге дейін бостандықта қалдырды. Оның үкімді апелляцияға беруіне құқығы бар.

Наджиб Разак мемлекеттік инвестиция қорынан қаржының ұрлануына қатысы барын жоққа шығарған. Бұл қорды шенеуніктің өзі 2009 жылы Малайзия экономикасын дамыту үшін құрған болатын. 28 шілдеде шығарылған сот үкімі мемлекеттік қордың бұрынғы бөлімшесінен 10 млн доллардың ұрлануына байланысты.

АҚШ тергеушілерінің айтуынша, кемінде 4,5 млрд доллар мемлекеттік қор қаржысынан ұрланған және күрделі транзакция желілері арқылы жасырылған, бұл қаражат жалған компаниялар арқылы жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар, яхта және өзге де қымбат заттар мен бұйымдар сатып алуға жұмсалған.

Наджиб Разактың түсіндіруінше, банк есепшотындағы 700 млн долларды Сауд Арабиясы сыйлаған. Оның басым бөлігін қайтарып берген.

2018 жылы қамалғанға дейін Reuters агенттігіне берген сұхбатында Разак тінту кезінде табылған зергерлік бұйымдар салынған 300 қорапты "әйелі мен қызына берілген сыйлықтар" деп түсіндірген. Наджиб Разак күйеу баласы Данияр Назарбаевтың да оған қымбат бұйымдары бар көп сөмке сыйлағанын айтқан. Тергеушілердің айтуынша, олардың құны ондаған мың долларға бағаланған.

Наджиб Разактың қызы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы Данияр Кесікбаевқа (ақпарат құралдарында оны Данияр Назарбаев деп атайды) тұрмысқа шыққан.

Наджиб Разактың әйелі және оның партиясы мен министрлер кабинетіндегі бірнеше адамға да ақша жымқыру бойынша айыптар тағылған.

Өткен аптада АҚШ-тың Goldman Sachs инвестициялық банкі "қор қаржысын ұрлау ісі" аясында банк қызметкерлеріне тағылған айыптарға байланысты Малайзия үкіметіне 3,9 млрд доллар төлеуге келіскен. 1MDB деген атпен танымал қаржы дауы 2018 жылы сайлау кезінде Наджиб үкіметін ығыстыруға ықпал етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG