Accessibility links

Жаңаарқадағы белсенді өліміне байланысты істі сот алқасы қарайды


Жаңаарқа ауылы.
Жаңаарқа ауылы.

29 шілдеде Қарағандыда былтыр үйінің алдында атып өлтірілген Жаңаарқа ауылының белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өліміне байланысты істі қарайтын сот алқасы мүшелері анықталды. Сот алқасының құрамында он адам бар, қосымша тағы екі адам белгіленді. Іс белсенді өлтірілген мезгілден бір жылдан астам уақыт өткеннен кейін қаралайын деп жатыр.

Іс судья Қайрат Қасымовқа берілген. Негізгі сот отырысы 17 тамызда басталады. Сот Қарағандыда өтеді. Бірақ карантиннің кесірінен журналистер сот залына кіргізілмейді. Бұған қоса, сотты видеобайланыс арқылы бақылау да мүмкін емес. Соттың айтуынша, техникалық себептерге байланысты процеске онлайн қатысу мүмкін емес.

Бұл істе төрт айыпталушы бар. 28 жастағы Иман М. есімді адамды тергеу органдары "тапсырыс орындаушы" деп атаған. Оған Бақтыбаевты "ұрып-соқты", "бұзақылық жасады" және "заңсыз қару-жарақ сақтады" және "ұстады", "Ақмола облысының тұрғынын өлтірмек болды" деген айыптар тағылған. Екі айыпталушы - 41 жастағы Ғалым А. мен 40 жастағы Азамат Б. тапсырыс беруді ұйымдыстырды деп айыпталып отыр. Тергеу органдары төртінші айыпталушы - 30 жастағы Эльдар Ж.-ны Бақтыбаевты ұрып-соғуға араласты деп айыптайды.

Екі тарап та бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған. Белсендінің туыстары кінәлілердің жазадан жалтаруы мүмкін екенін айтып, Тоқаевтан істі "бақылауға алуды" сұраған. Ал негізгі айыпталушының шешесі президентті осы іске назар аударуға шақырған. Кейбір айыпталушылардың туыстары полицияның істі жан-жақты зерттемегенін айтқан.

Бұған дейін маусым айында негізгі айыпталушы аштық жариялап, өзіне тағылған айыптарға қарсылық білдірген еді. Бұған қоса, АК-159/1 мекемесінде отырған кезде екі рет денесін жарақаттаған. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілдері Азаттыққа қамаудағы адамның "қылмыстық істің зерттелу барысымен келіспей отыр" деп айтқан.

Белсенді Ғалы Бақтыбаев Жаңаарқа ауданында жемқорлық, алаяқтық, немқұрайлықпен байланысты бірнеше қоғамдық зерттеумен айналысқан. Шабуыл жасардың алдында оған белгісіз біреулер қоқан-лоқы көрсеткен, ұрып-соққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG