Accessibility links

Минск сайлау қарсаңында 30 шақты ресейлік жалдамалы сарбаз ұсталғанын хабарлады


Күдіктілердің ұсталуы. Жергілікті телеарна көрсеткен видеодан скриншот. Минск, 29 шілде 2020 жыл.
Күдіктілердің ұсталуы. Жергілікті телеарна көрсеткен видеодан скриншот. Минск, 29 шілде 2020 жыл.

Беларусь билігі президент сайлауы қарсаңында елдегі жағдайды "тұрақсыздандыруды" көздеген Ресейдің 32 жалдамалысын ұстағанын хабарлады. Беларусь олар ресейлік "Вагнер" жеке әскери тобына мүше дейді.

29 шілдеде БелТА агенттігі Беларусь аумағына сайлау қарсаңында "жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген 200 ресейлік жалдамалы сарбаздың келгенін" хабарлаған. Бұдан соң Минск маңындағы шипажайда "Вагнер тобының" 32 мүшесі ұсталғаны белгілі болды. БелТА-ның жазуынша, тағы бір күдікті елдің оңтүстігінде ұсталған. Агенттік сонымен бірге Беларусь билігі ұстаған 24 пен 55 жас аралығындағы Ресейдің 33 азаматының аты-жөнін жариялады.

Беларусь президенті Александар Лукашенко Ресейді "лас ниеті" үшін кінәлап, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасына жағдайды мұқият зерттеуді тапсырды. Ресейдің Беларусьтегі елшілігі Беларусь сыртқы істер министрлігінен Ресей азаматтарының ұсталғаны туралы ресми хабарлама алғанын айтты.

"Вагнер тобы" - ресейлік әскери ұйым. Оны Ресей президенті Владимир Путин айналасындағы ықпалды бизнесмен Евгений Пригожин басқарады деп айтылады. Мәскеу - Минскінің жақын саяси әрі экономикалық одақтасы. Алайда Лукашенко Ресейді мемлекетті тәуелсіздігінен айыруға тырысты деп бірнеше рет айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG