Accessibility links

Сәтбаевтағы толқудың қатысушылары қамалып жатқаны хабарланды


Сәтбаев қаласындағы 24 шілдеге қараған түні болған тәртіпсіздік. Адамдар полиция бөліміне тас лақтырып жатыр.
Сәтбаев қаласындағы 24 шілдеге қараған түні болған тәртіпсіздік. Адамдар полиция бөліміне тас лақтырып жатыр.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында 24 шілдеге қараған түні болған толқуға байланысты 15 адамның қамауға алынғаны хабарланды. Ішкі істер министрлігінің осы оқиғаға бойынша мәлімдемесінде "бұзақылық әрекеттердің ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушылары" уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды делінген. "Бұзақылық", "Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру", "Құқық қорғау органы қызметкеріне өміріне қолсұғушылық" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны хабарланды.

Сәтбаев қаласындағы оқиға 23 шілде күні бес жасар бала жоғалғаннан кейін болған. Бала сол күні кешке қала тұрғындарының бірінің пәтерінен табылған. Сол күні қаланың жүздеген тұрғыны көшеге шығып күдіктіні қолдарына беруді талап етті.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесінде "таспен және таяқпен қаруланған жас адамдар тобы" туралы айтылады. Мәлімдемеге сәйкес, олар "бес жасар қызды зорлады деп айыпталған күдіктіні күшпен алып кетіп, жазалау мақсатында полиция ғимаратына басып кірмек" болған.

"Полиция қызметкерлері жедел ден қою шаралары аясында бұл талпынысты болдырмады. Алайда бұзақылар қайткенде де мардымды материалдық шығын келтірді. Полиция салқынқандылық танытып, қару қолданбастан қоғамдық тәртіпті топ болып бұзудың алдын алды", делінген мәлімдемеде.

Ашуға булыққан азаматтар полиция бөлімі территориясында ойран салған. Олар полиция көліктерінің терезесін сындырып, оларды бүлдірген. Шығынның сомасы әлі айтылмады. Куәгерлердің айтуынша, күдіктінің үйінің алдына жиналған тұрғындарды ашуландырғаны – полицияның оны "көрсетпей" алып кетуі.

Бес жасар баланы ұрлау ісі бойынша 62 жастағы ер кісі күдікті ретінде қамауға алынған. Тергеу "Кісі ұрлау" және "Баланы зорлау" баптары бойынша жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG