Accessibility links

Помпео АҚШ компаниялары Шыңжаңдағы қудалауға "назар аудара бастады" дейді


АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Америка компаниялары Шыңжаңдағы қудалауға назар аудара бастады деп мәлімдеді. Бұған дейін мемлекеттік хатшы оларды Қытайдың кейбір компанияларымен қарым-қатынасын қайта қарастыруға шақырған еді.

2 тамыз күні Fox news арнасына берген сұхбатында Помпео сонымен бірге АҚШ Қытайдың программалық жабдықтау компанияларына қарсы шара қолданады деп айтты, Қытайдың Иранмен сауда келісімдері Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін деп ескертті.

Помпеоның айтуынша, 31 шілдеде АҚШ қаржы министрлігінің санкциясына ілінген мақта өндірумен айналысатын Шыңжаң өндіріс және құрылыс корпорациясы (XPCC) батыс компанияларымен "өте тығыз қарым-қатынас" орнатқан.

"Америкадағы кейбір танымал компаниялардың ол жақта болып жатқан мәселеге қатысы барын болғанын қалайды деп ойламаймын" деді Помпео.

АҚШ салған санкция компаниялар мен ресми тұлғалардың АҚШ-тағы активтерін бұғаттап, америкалықтарға олармен қарым-қатынас орнатуға тыйым салады. Американың киім-кешек шығаратын кейбір танымал компаниялар мақта өнімдерінің басым бөлігін Қытайдан импорттап келген.

Помпео сұхбат кезінде Қытай коммунистік партиясын айыптап, оның "ұйғырлар мен өзге де мұсылман топтарға жасаған адам шошырлық әрекетін" (мысалы, күштеп түсік жасату - М.П.) сынаған.

Оның ойынша, америкалық компаниялар барған сайын Шыңжаңдағы қудалауға назар аудара бастаған және компания беделіне төндіруі мүмкін қаупін де бағамдай бастаған.

"Менің ойымша, бүкіл әлем ұзақ уақыт бойы еркіндікке қауіп-қатер төнгенін және ол жақтағы авторитар режимнің табиғатын мойындамай келді, біз ескертуді жалғастыра береміз" деді ол.

Соңғы кезде АҚШ пен Қытай арасындағы жағдай адам құқығын таптау, тыңшылық, зияткерлік меншікті ұрлау сияқты айыптауларға байланысты ушығып кеткен. Бұған дейін Вашингтон Пекинді коронавирус туралы шындықты жасырды деп те айыптаған.

Помпео Fox арнасына берген сұхбатында президент Дональд Трамп алдағы күндері Қытайдың программалық жабдықтау компанияларына шара қолданады деп айтқан. Оның сөзіне қарағанда бұл компаниялар Пекинді тікелей ақпаратпен қамтамасыз етіп, АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірген.

Дональд Трамп 31 шілдеде танымал әлеуметтік желі платформасы TikTok-ке АҚШ-та тыйым салу туралы бұйрық шығаратынын да айтқан еді.

Помпеоның айтуынша, Пекин мен Тегеран құны 400 миллиард доллар тұратын экономика және қауіпсіздік саласындағы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Оның пайымдауынша, Қытайдың Иран нарығына енуі Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақсыздандыруы ықтимал. Таяу Шығыс елдері бұл шындықты "сол күйінде" қабылдауы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG