Accessibility links

Қытай елшісінің сөзіне наразы болып, акция жасаған тұрғынды полиция ұстап әкетті


Тұрғын Қытай елшісінің әскер туралы сөзіне қарсы пикетке шықты. Полиция оны ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:24 0:00

3 тамызда күндіз Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында акция өткізген Серік Әжібайды полиция ұстап әкетті. Оның қолында "елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан" деген жазуы бар шағын плакат болды. Полиция ұстамай тұрып Әжібай Азаттыққа акция өткізуінің себебін былай түсіндірген еді:

– Жақында ғана [Қытайдың Қазақстандағы] елшісі Чжан Сяо егер Қазақстан мен Қытайдың бірінде революция бола қалса, екеуі бір-біріне әскер кіргізуге міндетті деп айтқан еді. Мен елшінің айтқанына наразылық білдіру үшін келіп отырмын. Біз Қытайдың автономды өлкесі емеспіз. Біз егемен елміз. Тәуелсіз мемлекетпіз. Ішкі ісімізді өзіміз шешуге құқылымыз. Халық болса да, билік болса да. Халық пен билік бір. Бәріміз бір мемлекетпіз. Қытайдың және басқа мемлекеттердің елдің ішкі ісіне араласуға құқығы жоқ деп ойлаймын, – деді Серік Әжібай.

Бұдан соң жергілікті әкімдік өкілі келіп, оған акцияның "заңсыз" екенін ескертті. Бірнеше полиция қызметкері келіп, Әжібайды көлікке отырғызып алып кетті. Оны қай бөлімге апарғаны белгісіз.

Бұған дейін Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында бірнеше рет акция өтіп, тұрғындар Қытайдан қамаудағы туыстарын қайтаруды талап еткен еді. Солардың бірі Серік Әжібай да осыған дейін Қытайдың Алматы мен Нұр-Сұлтандағы өкілдіктерінде пикет өткізіп, туыстарын елге қайтаруды сұраған.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо жақында жергілікті басылымдардың біріне берген сұхбатында Қазақстан мен Қытай арасындағы әскери әріптестік туралы айтып, "екі елдің қарулы күштері "үш зұлымдықпен" (терроризм, экстремизм және сепаратизм) күресіп, аймақтағы "түрлі-түсті революция" жасауға қарсы шығады" деп мәлімдеген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG