Accessibility links

Белсенді Әсия Төлесованың ісі бойынша негізгі сот процесі басталды 


"Полицияға қол көтерді" деп айыпталған белсенді Төлесова сотта судьяға сенімсіздік танытты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00

"Полицияға қол көтерді" деп айыпталған белсенді Төлесова сотта судьяға сенімсіздік танытты

Бүгін, 3 тамызда Алматының Медеу аудандық сотында "Билік өкілін қорлады" және "Билік өкіліне күш қолданды" деп айыпталған азаматтық белсенді Әсия Төлесованың ісі бойынша негізгі процесс басталды. Сот Zoom қосымшасы арқылы онлайн өтті. Оған айыпталушы Төлесованың өзі, үш адвокаты мен қоғамдық қорғаушысы, прокурор мен жәбірленуші алты полиция қызметкері қатысты. Сонымен бірге процесті құқық қорғаушылар мен журналистер де бақылады. Сот олардың қатысуына рұқсат етті.

Алдын ала сот отырысында істі судья Залина Махарадзе жүргізген еді. Алайда оның ауырып қалуына байланысты іс қазір Медеу аудандық сотының судьясы Тәкен Шәкіровтың қарауына түскен.

Әсия Төлесова Алматыда наразылар ұсталған күні - 6 маусымдағы митингіден кейін тұтқындалған. Ол наразылық кезінде полиция қызметкерінің фуражкасын қағып түсірген. Бірақ белсендіге қарсы қозғалған қылмыстық істе бір емес - алты жәбірленуші полицей бар: Нұрбек Темірханов, Мейіржан Тұрғанбек, Ернат Сабалақов, Тасқын Талдыбаев, Ұлан Абибулла, Тілек Төлегенов.

Әсия Төлесованы қолдап, плакат ұстап отырған Oyan, Qazaqstan белсенділері. Алматы, 3 тамыз 2020 жыл.
Әсия Төлесованы қолдап, плакат ұстап отырған Oyan, Qazaqstan белсенділері. Алматы, 3 тамыз 2020 жыл.

Бұған дейін өткен алдын ала тыңдау кезінде белсендінің адвокаттары Төлесованың қолы полиция қызметкерінің басына емес, фуражкасына тигенін, олар физикалық соққы алмағанын айтып, бірнеше өтініш дайындаған.

Іс материалдарына сәйкес, жәбірленуші деп танылған бес полиция қызметкері Төлесованың "Оңбаған, сен де оңбағансың. Ешқайсың форма киюге лайық емессіңдер. Жиіркенішті, жиіркенішті мент" деген сөзін "қорлау" деп қабылдаған. Нәтижесінде Төлесова "Билік өкілін қорлау" және "Билік өкіліне қарсы күш қолдану" баптары бойынша айыпталып отыр.

3 тамыз күнгі сот отырысының басында судья Шәкіров процеске қатысушыларды түгендеп, өтініштер бар-жоғын сұрады. Адвокаттар іске қатысты төрт куәгерді шақырып, олардан жауап алуды, белсендінің полицей қызметкерлеріне физикалық соққы жасағанын анықтау мақсатында фото сараптама жасауды сұрады. Белсендінің екі айға жуық қамауда отырғанын айтқан қорғаушылар Төлесованы сот үкімі шыққанға дейін босатуды сұрады.

- Менің қорғауымдағы Төлесова орташа ауыр қылмыс жасады деген айыппен екі айға жуық қамауда отыр. Қылмыстық іс-жүргізу кодексінің 147-бабына сәйкес, қамауда ұстау бұлтартпас шарасы кемінде бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін күдіктіге ғана қолданылады. Менің қорғауымдағы адамды қамауда ұстау үшін бұл бапта көрсетілген айрықша жағдайлар бізге беймәлім. Қорғаушылар кепілдікке құны қымбат тұрғын үйдің құжаттарын да, президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова мен белгілі қоғам қайраткері әрі әйгілі жазушының немересі Әуезов мырза мен өзге де азаматтардың кепіл болуға дайын екендігі жайлы құжаттарды да ұсындық. Осының негізінде Төлесованың қамауда ұстаудың еш негізі жоғын айта отырып, соттан оның бұлтартпау шарасын жеңілдетуді сұраймын, - деді адвокат Джохар Өтебеков.

Адвокаттың бұл өтінішіне жәбірленушілердің бірі Тілек Төлегенов пен прокурор Ерлан Құланбаев қарсылық білдірді.

- Мен бұл (адвокаттың) өтінішті кері қайтаруды сұраймын. Себебі қылмыс полиция қызметкерлеріне қарсы жасалды. Төлесова полиция қызметкерлерін қорлап, олардың денсаулығы мен өміріне зиян келмесе де күш қолданды. Ол бұл қылмыстық әрекетін одан әрі де жалғастыруы мүмкін. 6 маусымдағы митинг кезінде ол қоғамдық тәртіпті бұзды. Сондықтан бұл өтінішті кері қайтаруды сұраймын, - деді прокурор.

Судья Шәкіров бұл өтінішке қатысты шешім қабылдау үшін үзіліс жариялап, түстен кейін адвокаттың барлық-дерлік өтініштерін қанағаттандырмады. Судья адвокаттар атаған төрт куәгердің екеуінен ғана жауап алуға келісті.

Осыдан кейін Төлесова мен оның адвокаттары судьяны ауыстыру туралы өтініш жасады. Алайда прокурор судьяны ауыстыруға негіз болатындай себеп көріп тұрмағанын айтты.

Оқи отырыңыз: Қағылған қалпақ біреу, ал жәбірленуші алтау. Әсия Төлесованың ісі және белсендіні босатуға үндеу

Дүйсенбі күні Медеу аудандық сотында процесс өтіп жатқан кезде ғимарат сыртында Oyan, Qazaqstan белсенділері Әсия Төлесованы қолдап, #FreeAsya деген хэштегі бар "қуғын-сүргінді тоқтат" ("Хватит репрессий") деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG