Accessibility links

Қарағанды облысында төрт айда бес мыңға жуық қайтыс болу туралы куәлік берілген


Қарағанды облысында сәуір мен шілде арасында 4964 қайтыс болу туралы куәлік берілген. Кейінгі үш айда аймақтағы бірнеше қалада қайтыс болғаны туралы куәлік саны бірнеше рет өскен.

Облыс орталығы Қарағанды қаласында кейінгі төрт айда 1714 куәлік (сәуірде 114, мамырда 570, маусымда 529, шілдеде 501) берілген.

Теміртауда сәуірде 43, мамырда 264, маусымда 218, шілдеде 211 куәлік; Жезқазғанда сәуірде 26, мамырда 99, маусымда 69, шілдеде 120 куәлік берілген.

Бұл деректерді облыс әкімі Азаттық тілшісінің ресми хатына жауабында көрсеткен. Билік өлім-жітім себебін айтпады. Шенеуніктер сәуірдегі өлім санының аздығын карантинмен байланыстырады және сол уақытта жол апаты мен түрлі жағдайлар аз болғанын айтады.

Шілдеде Теміртау, Қарағанды және Балқашта маусымға қарағанда аз куәлік берілген. Қарағанды облысының басқа қалалары мен ауылдарында куәлік саны артқан. Әсіресе Жезқазған (шілдеде маусыммен салыстырғандар 51 куәлік артық), Сәтбаевта (+49), Шахтинск, Абай, Оскаров, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа, Шет ауданында қатты байқалады.

Ресми мәліметке сай, 2019 жылы Қарағанды облысында 1 378 533 адам тұрады.

Бұған дейін Азаттық Түркістан облысын мен Шымкентте шілдеде өлім туралы куәлік беру күрт көбейгенін хабарлаған. Түркістан облысында шілдеде 2208, Шымкент қаласында 1080 қайтыс болғаны туралы куәлік берілген.

Аймақтарда адамның қайтыс болғаны туралы куәлік алушылардың саны елде коронавирус пен пневмония өршіген тұста өсті. Денсаулық сақтау министрлігі тамыздан бастап вирустық пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандардың санын жариялай бастады. Бірақ бұл деректерді коронавирустың ресми статистикасына қоспай отыр.

Ресми дерек бойынша, елде дертке шалдыққандар 100 мыңға жуықтады. Мыңнан аса адам Covid дертінен қайтыс болды. Министрлік вирус жұқтырған үш жүзден астам марқұмды “өліміне басқа дерт себеп болды” деп ресми статистикаға қоспай отыр. Тағы мыңдаған адам пневмониядан көз жұмды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG