Accessibility links

Нұр-Сұлтанда "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үй қабырғасындағы жарықтар тұрғындарды алаңдатты


Нұр-Сұлтан тұрғындары жалға берілген тұрғын үйлер сапасына наразылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.

4 тамызда Нұр-Сұлтанның шеткері ауданындағы көп қабатты үйлер тұрғындары есік алдына жиналып, өздері тұрып жатқан үй сапасына наразылық білдірді. Айтуларынша, 10-15 жыл күтіп, сатып алуға құқық берілмейтін жолмен алған баспаналарының қабырғасы жарылып, есіктерінің қапталы сөгіліп, кей жертөлелерге кәріз суы жиналған. Тұрғын үй кооперативтерінің көрсететін қызмет деңгейі де пәтер тұрғындарының ренішін тудырып отыр.

– Осы үйлерге кіргеннен бері қиындықтан көз ашпадық. Үй қалай болса солай салынған, қабырғалары жарылып, жаңбыр жауса болды, су кіреді. Үйді салған компанияға хабарласа алмаймыз. Есік алдында балалар ойнайтын алаң, спорттық жабдықтар жоқ. Балалар жолдың арғы бетіндегі үйлердің ауласында ойнайды. Машина есік алдынан өтіп жатқандықтан былтыр көктемде бір баланы қағып кете жаздады, – деп шағымданды Әлия есімді әйел.

Тұрғындар наразылығы. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.
Тұрғындар наразылығы. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.

Оның сөзін қалған наразы тұрғындар қоштап «пәтер иелері кооперативі (ПИК) дұрыс жұмыс істемейді, тек ақша жинайды» деп сынады. Тұрғындар сөзінше, 12, 14, 17 қабатты бұл үйлерде көп балалы аналар, жетім балалар мен мүгедектер тұрады. ПИК-ті де сайлауға мұрсат бермей қала билігі тағайындаған дейді.

– Бұл үй маған әкесі жоқ адам ретінде берілген. Менің анам үш үйдің еденін жуады. 80 мың айлығына хлорканы да, қолғапты өзі сатып алады. Үйді салған компанияны шақырдық, ол жарықты жамай салады. Бір күні бұл үй құлайды. Осы дұрыс па? Ал тұрғын үй қорынан келген ПИК ештеме істемейді, – деді Любовь Бондаренко.

Наразы тұрғындармен ПИК төрағасы да, үйді салған компания өкілі де сөйлесті.

– Бұл үйлердің сапасына құрылыс компаниясы кепілдік берген. Ақаулардың бәрін құрылыс компаниясы жөндей береді. Мені тұрғындар сайлаған жоқ. «Адалсервис» серіктестігі құрылтайшысы тағайындап, осында жіберді, – деді ПИК төрағасы Данияр Каханов.

Ал жалға берілген үйлерді салған «Казстройподряд» компаниясының өкілі Бекзат Паштаев тұрғындарға "ұсақ жарықтардың болуы заңды" дейді.

– Ұсақ жарықтар бес жыл ішінде пайда болады. Жыл сайын қайталанады, өйткені сол уақыт ішінде үй отырады. Басқа есік жақтаулары тәрізді бізден кеткен ақаулар болса, оны жөндейміз, – деді ол.

Тұрғындар шағымданған бұл көп қабатты алты үйде жалпы 400-ге жуық пәтер бар. Ол Қазақстанда 2017 жылдан бері жүзеге асырыла бастаған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған. 2020 жылы сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үй құрылысы үшін бюджеттен 90 миллиард теңге қаржы бөлінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG