Accessibility links

Белсенді Жахин бір аптада екі рет "бейбіт митинг заңын бұзды" деп сотталды


Серік Жахин "ҚДТ қозғалысын қолдады" деп айыпталған сот отырысында. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2019 жыл
Серік Жахин "ҚДТ қозғалысын қолдады" деп айыпталған сот отырысында. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2019 жыл

6 тамызда Нұр-Сұлтандағы ауданаралық әкімшілік соты белсенді Серік Жахинді "бейбіт митингіге қатысу заңын бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды.

Оның адвокаты Ольга Эннстің Азаттыққа мәлімдеуінше, сот 61 жастағы Серік Жахинді биыл 10 маусымда Нұр-Сұлтандағы Еуроодақ өкілдігі ғимараты алдында өткізген наразылық акциясына қатысқаны үшін айыпты деп тапқан.

- 10 маусымда Серік Жахинді ұстау хаттамасынсыз 4 сағат жауаптап, жіберген, ешқандай шара қолданбаған. Мен хаттаманың дұрыс еместігі туралы арыз түсірдім. Бірақ судья ол туралы ештеңе айтпады, - дейді Ольга Эннс.

Серік Жахин дәл осы баппен бірақ басқа әрекеті үшін 30 шілдеден бері Ақмол ауылындағы абақтыда жазасын өтеп жатыр. Оны сол күні Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне қамауға алынған Ербол Есхожин туралы ақпарат білуге барғанда тұтқындаған. Сот белсендіні 24 шілде күні бір топ белсендімен Ақмола облысы Талапкер ауылындағы Дулат Ағаділдің бейітіне құран бағыштауға барғаны үшін "заңсыз митингіге қатысты" деп айыптап, 15 тәулікке қамауға алған. Судья Айгүл Ахметова шешім шығарғанда Серік Жахиннің 24 шілде күні Алматы-Екатеринбург тас жолымен бейітке қарай 100-ден астам адаммен топ болып бірге жүргенін және "Алға Көше партиясы", "Шал, кет" деген ұрандар айтқанын негізге алған.

Айыпты мойындамаған Жахин 4 тамызда апелляциялық шағым түсірген. Сот бұл арызды адвокатсыз қарап, қанағаттандырмады.

Белсендінің бір баппен тағайындалған екі жазаны қалай өтейтіні белгісіз. Яғни, алдымен 30 шілдедегі Целиноград аудандық соты қаулысымен тағайынlалған 15 тәулігін өтеп, содан соң 6 тамыздағы жазасы – 15 тәулікті өтей ме, ол жағы анық емес. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі де нақты жауап айта алмады. Баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне “анықталған соң хабарлаймыз” деді, бірақ әлі жауап болмады.

Былтыр қазанда Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық №2 соты Жахинді “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының материалдарын Facebook желісінде тұрақты түрде бөлісті" деп айыптап, бір жылға бас бостандығын шектеген еді.

Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп қызметіне тыйым салған. Еуропарламент бұл ұйымды бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған.

Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін билікке алдын ала ескертуі керек. Құқық қорғаушылар жиі сынайтын “Бейбіт митинг туралы” заңға сай, азаматтар қандай да бір жиынды тек белгіленген жерде өткізе алады. Әкімдікке алдын ала ескертілмеген, билік белгілеген жерлерден тыс аумақта өткен барлық митинг заңсыз деп танылып, қатысушылары жазаланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG