Accessibility links

Қаратауда 10 жасар бала терезеден құлаған соң асырап алған ата-анасының үстінен тергеу басталды


Қаратауда 10 жасар бала терезеден құлаған соң асырап алған ата-анасының үстінен тергеу басталды

Жамбыл облысы Талас ауданы Қаратау қаласында 10 жасар бала екінші қабаттан құлап, жараланған соң оны асырап алған ата-анасының үстінен "Баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін дұрыс орындамау” бабы бойынша тергеу басталды. Бұл туралы Азаттыққа Жамбыл облыстық полиция департаменті хабарлады.

10 жасар бала 1 тамызда өзі тұратын үйдің екінші қабатынан құлаған. Кейін ауруханада сынған жамбасы мен білегіне ота жасалған. Қазір ол Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жатыр.

- Сол күні ұйқым келмеді. Ерте тұрдым. Терезе ашық еді, кенет бірнәрсенің жылтырап тұрғанын байқадым. Соны көрмек болып кілт еңкейіп қалғанда, құлап түстім. Құлап қалған соң жер бауырлап көрші үйдің бақшасындағы өсіп тұрған ағаштарға дейін жеттім. Күн шыққаннан кейін бақша ішіндегі душқа кіріп отырдым. Үйге барғым келген еді, бірақ жүре алмадым. Ешкімді шақырған жоқпын, ата-анам ұрсады деп қорықтым. Әдетте әкем ұрыспайды, бірақ қиялданып бірнәрсе істегенде анам ұрсатын. Осы үшін де ұрсады деп ойладым, - деді бала Азаттық тілшісіне.

10 жасар баланың бұл оқиғасы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, әйелдер құқығын қорғап жүрген "Немолчи.кз" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook желісінде баланың бірнеше сағат бойы үйіне бармай отырғандығы күдік туғызатынын жазды.

Баланы асырап алған Валерий Рихтер өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады. Ол балаға қол көтермегенін айтады.

- Диманың жоқ екенін ұйқыдан тұрған соң байқадық. 31 шілдеде үйде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бәріміз шаршадық. Мен түнде диванда жатып ұйықтап кетіппін. Таңертең 7-де тұрып, бөлмесінде жоқ екенін көрдім. Үй-ішімізбен іздей бастадық. Ұрып-соғып жазалау деген болған жоқ. Оның бәрі ақымақтық, - дейді ол Азаттыққа.

Рихтерлер отбасы 2018 жылы бір отбасының үш баласын (олардың әкесі белгісіз, шешесі ата-ана құқығынан айырылған) асырап алғандарын айтады.

Облыстық полиция мәліметінше, 1 тамызда таңертең 10:20 шамасында Наталья Рихтер асырап алған баласының жоғалғаны туралы арыз түсірген. Полицияның хабарлауынша, баланы көршілері 1 тамыз кешкі 4 шамасында қарама-қарсы үйдің бақшасындағы қолдан орнатылған душтан тауып, ауруханаға жеткізген.

Бала жатқан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сатжанов "Баланың өміріне қауіп жоқ, бір аптаның ішінде шығаруымыз мүмкін. Сынған жерлеріне гипс салдық. Баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілері байқалмайды, физикалық дамуы жасына сай” деді.

Баланың сынып жетекшісі, Қаратау қаласындағы Пушкин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Оксана Казавис оқушысының сабағы жақсы екенін айтады.

- Мен қашықтыққа оқу кезінде аптасына бір рет үйіне барып тұратынмын. Баланың сабағы жақсы, барынша белсенді қатысып жүреді. Әкесі сабағын тексеріп, қадағалап отырады. Бірқалыпты, артық әрекеті жоқ адам тәрізді көрінді, - дейді ол.

Талас аудандық әкімдігі қорғаныш-қамқоршылық бөлімі тергеу жүріп жатқанда Рихтерлер отбасы асырап алған үш баланы бөлек тұрғызу туралы шешім шығарған.

- Екі қыздан коронавирус тесті алынды, егер оның қорытындысы келсе, оларды қиын жағдайда қалған балаларды бейімдеу орталығына жібереміз. Ауруханада жатқан бала шыққан соң да сол жаққа барады, - деді бөлімнің бас маманы Мөлдір Рамазанова.

Валерий Рихтер бұл бөлімнің шешімі туралы естіген. Ол "бұлай болғанын қаламаймын. Сонша жыл бірге тұрғанда енді психологиясына әсер ететін болды. Қазір олардың есею жасы басталды, жандары өте нәзік қой" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG