6 тамызда Минскіде оппозиция кандидаты Светлана Тихановская штабының жетекшісі ұсталып, билік "рұқсат етілмеген" шара өткізбеу туралы ескерту жасағаннан кейін қалада өтеді деп жоспарланған оппозиция шеруі кейінге шегерілді. Бірақ соған қарамастан бейсенбі күні кешке Тихановская жақтастары Киев алаңына жиналды.
Қала билігі митинг өтеді делінген Достық саябағында теміржолшы сарбаздар күніне арналған мереке өткіземіз деп оппозицияға жиналуға тыйым салған еді.
Ал оған жақын Киев алаңында билік қосымша білім беру мекемелерінің Ашық күнін өткізген. Бейсенбі күні кешке бұл жерге "Беларусь азаматы" ретінде Светлана Тихановскаямен бірге оппозиция штабының өкілдері Мария Колесникова және Вероника Цепкало да келген. Оқиға орнынан түсірілген суреттер мен видеоларға қарап ол жаққа жүздеген адамның жиналды деуге болады.
Ресми шараның бағдарламасына жауапты мамандар алаңда Виктор Цойдың "Перемен" (Өзгеріс) әнін қойған кезде жиналғандар әсерленіп, шулаған.
Жиналғандар Минск көшелерімен шеру жасап жүрген. Бұдан соң тараған. Ешкім ұсталмаған.
Беларусьте президент сайлауы 9 тамызда өтеді. Билік сайлау алдында оған қатыспақ болған Лукашенконың екі оппоненті – банкир Виктор Бабарико мен танымал блогер Сергей Тихановскийді қамауға алған. Орталық сайлау комиссиясы тағы бір оппозиция кандидаты Валерий Цепкалоны үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан. Қудалаудан сескенген Цепкало елден кеткен.
Тихановский қамалғаннан кейін оның әйелі Светлана Тихановская сайлауға қатысу туралы шешім қабылдаған. Тихановская төңірегіне тіркелмеген өзге оппозиция кандидаттарының штабтары топтасқан.
Беларусьті 26 жылдан бері басқарып келе жатқан Александр Лукашенко режимінен мезі болған мыңдаған тұрғын соңғы бірнеше аптада Тихановскаяны қолдай бастаған. Жақында Тихановская өткізген сайлауалды шараларының біріне 63 мыңнан астам тұрғын келген. Дегенмен кейбір сарапшылар Лукашенко түрлі құйтырқы әрекеттер жасап, сайлауды жеңіске жетеді деп ойлайды.
Видео: Киев алаңына жиналғандар (6 тамыз 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР