Accessibility links

Қазақстанда халық санағы Covid індетіне байланысты 2021 жылға шегерілді


Коронавирус пандемиясы кезінде Нұр-Сұлтан ботаникалық бағында қыдырып жүрген жастар. 4 тамыз 2020 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезінде Нұр-Сұлтан ботаникалық бағында қыдырып жүрген жастар. 4 тамыз 2020 жыл.

Қазақстанда ұлттық халық санағы келесі жылдың қазанына шегерілді. Бұл туралы елдің статистика комитеті хабарлады. Комитет бұл шешім коронавирус инфекциясының тарауымен туындаған жағдайға және билік енгізген карантин шектеулеріне байланысты қабылданды дейді.

Статистика комитетінің хабарлауынша, санақ жүргізу әдісі өзгермейді: келесі жылдың 1-15 қазанында арнайы сайтта интернет-сауалнама жасалады, ал 1-30 қазанда тұрғындар арасында жаппай сауалнама жүргізіледі.

Халық санағын әуелі 2019 жылы өткізетін болған. Алайда статистика комитеті "ұлттық санақты жүргізу мен оған дайындық жөнінде ұйымдастыру" мәселелері бар деп санақ жүргізуді келесі жылға қалдырған.

Осыған дейінгі санақ 11 жыл бұрын, 2009 жылы жүргізілген. Оның нәтижесі бірнеше шегеруден кейін тек 2010 жылдың қарашасында ғана жария болды. Кей тәуелсіз және билікке жақын бақылаушылар санақ нәтижесіне күдік келтірді.

Статистика агенттігінің (агенттік кейін комитет болып өзгерді) бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктері халық санағы кезінде құқықбұзушылық жасады сотталған. 2009 жылғы халық санағына 1,144 миллиард теңге бөлінген. Бұл – сол кездің валюта бағамы бойынша шамамен 7,6 миллион доллар. Тергеу бөлімі науқанды жүргізуге бар болғаны 379 миллион теңге жұмсалғанын, қалғанын агенттік пен жекеменшік мекемелердің басшылары жымқырғанын мәлімдеді.

Қазақстанда коронавирус науқасы алғаш рет наурыз айында тіркелді. Ресми дерек бойынша, осы күнге дейін елде 98 мыңға жуық адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тесті арқылы расталған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, коронавирустан 1189 адам көз жұмған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген. Сондай-ақ, ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын, бірақ ПТР тестімен расталмаған пневмония жағдайлары да коронавирус статистикасына қосылмай отыр. Билік коронавирустық пневмония деректерін тек 2 тамыздан бері жариялап отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 тамыздан бері 11 мыңнан астам адам коронавирустық пневмонияға шалдыққан, 120 адам дерттен айыға алмай көз жұмған.

Аурудің өршуі күшейген соң Қазақстан билігі шілденің басында екінші рет қатаң карантин шектеулерін енгізген. Сауда және қызмет көрсету саласындағы көптеген мекеме жабылды. Әуелі екі аптаға жарияланған карантин екі рет созылып, 16 тамызға дейін жалғасатын болды. Алғашқы карантин 16 наурыз күні төтенше жағдаймен бірге жарияланды. 11 мамырды төтенше жағдай аяқталып, карантин шектеулері біртіндеп алына бастады. Осыдан кейін ауру өршіп кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG