Accessibility links

Дулат Ағаділдің асына жүздеген адам жиналды


Kazakhstan - Gatherings to commemorate civic activist Dulat Agadil, August 8, 2020
Kazakhstan - Gatherings to commemorate civic activist Dulat Agadil, August 8, 2020

Бүгін, 8 тамыз күні сағат 12.00 уақытында Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Талапкер ауылында азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің асы өтпек. Асқа осы уақытқа дейін жүзден аса адам жиналған. Ауыл сыртында полиция көліктері мен автобустары тұр. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Ағаділдің үйінің алдына үш киіз үй тігілген, дастархандар жайылған. Дулат Марқұмның суреті мен "08.08.2020" деген жазу бейнеленген плакаттар ілінген. Асқа жиналғандар арасында Алматы, Семей және Қарағанды секілді өзге өңірлерден келгендер бар.

Жиналғандар алдында марқұмның анасы Гүлбараш Жолмұханбетова, әйелі Гүлнар Қасымханова және белсенді Жанат Нұркішев Ағаділ өлімінің "ерте аяқталған" тергеуі жөнінде сөз сөйледі.

Ас беріліп жатқан үйге полиция өкілдері, Талапкер ауылының әкімі мен санитар дәрігері келіп коронавирус пандемиясы кезінде көп адам болып жиналуға болмайтынын ескертпек болды, бірақ халық наразылық білдірген соң, олар ешнәрсе айтпастан кері бұрылып, кетіп қалды.​

Дулат Ағаділ – Қазақстан үкіметі рұқсат бере қоймайтын шерулерге қатысып, билікке талап қоюмен танымал болған азаматтық белсенді. Ол белсенділігі үшін бірнеше рет әкімшілікке жазаға тартылып, қамауда болған. Биыл 25 ақпанда Ағаділ Еуропарламент депутаттарымен кездесуі керек болған. Алайда бір күн бұрын, 24 ақпанның түнінде азаматтық киім киген полицейлер оны үйінен ұстап әкеткен. Ертесіне Ағаділдің тергеу изоляторында жатып қайтыс болғаны мәлім болды. Билік бірден белсенді жүрек ауруынан қайтыс болды деді. Алайда санаулы күннен соң марқұмның мәйіті әлеуметтік желіде тарап, онда белсендінің денесінде дақтардың бары байқалған. Марқұмның туыстары биліктің нұсқасына күдік келтіріп, туысының өз жолымен өлмегенін айтады. Олар ашық тергеуді талап етеді.

Дулат Ағаділдің өлімі халықаралық қауымдастықтың да назарын аударды. АҚШ мемлекеттік департаменті, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының жетекшісі ел билігін Ағаділдің өлімін ашық әрі әділ тергеуге шақырған.

Осындай ескертулер мен талаптарға қарамастан, Қазақстан билігі 29 мамыр күні Дулат Ағаділдің өлімі жөніндегі қылмыстық істі жапқан. Белсендінің өліміне ешкім жауапты емес деген қорытынды шығарылған.

Белсендінің өлімінен соң, оның серіктестері және өзге де азаматтық қоғам белсенділері жылу жинап, Дулат Ағаділдің отбасына үй соғып берген. Қазақстанның әртүрлі өңірінен келген белсенділер Талапкер ауылына келіп, үй құрылысына тегін көмектескен. Үй құрылысы аяқталған соң, марқұмның құрметіне ас берілетіні хабарланып, белсенділер оған қатысуға ниет білдірген. Алайда полиция әкімшілік қамау және айыппұл секілді түрлі амалмен белсенділердің асқа қатысуына кедергі келтірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG