Accessibility links

ДДСҰ сайтында Қазақстанның Covid және пневмония дерегі біріктірілді


COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығындағы медицина қызметкері. Алматы, Қазақстан, 13 шілде 2020 жыл.
COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығындағы медицина қызметкері. Алматы, Қазақстан, 13 шілде 2020 жыл.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік Covid картасында Қазақстанның Covid және пневмония дерегін біріктіріп көрсетіп отыр. ДДСҰ сайтына сәйкес, Қазақстанда 109 939 адам (8 тамыздағы дерек бойынша) коронавирус ауруына шалдыққан. Мұның қатарына зертханалық талдаумен расталған коронавирус жағдайлары мен ПТР тесті теріс нәтиже берген, бірақ аурудың белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония жағдайлары кіреді. Ал Қазақстан билігі коронавирустың негізгі статистикасына тек ПТР тестімен расталған жағдайлар қосылып отыр. Қазақстан үкіметінің дерегіне сәйкес, қазір елде коронавирус жұқтырғандар 100 мыңға да жетпеген.

Қазақстан үкіметі ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония науқастарының есебін жүргізуді 1 тамыздан бастады. Осы ауруға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар ұлттық статистикада көрсетілмей отыр. Денсаулық сақтау министрлігі мұны елде тамызға дейін мұндай аурудың арнайы коды болмауымен түсіндірді.

Министрлік мәліметінше, 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында елде 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл – өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Былтыр осы уақыт аралығында аталмыш аурудан 2,3 мың адам қайтыс болса, биыл төрт мыңнан астам адам көз жұмған.

Министрлік пневмонияға шалдыққандардың қаншасы бактериялық пневмония, қаншасы зең пневмониясы, қаншасы вирустық пневмония екенін айтпады. Бірақ вирустық пневмонияның ішінен этиологиясы белгісіз ауру түрлері коронавирус болуы ықтимал деді.

Жергілікті медицина белсенділері қысымы мен халықаралық қауымдастықтың назарынан кейін Қазақстан үкіметі 17 шілде күні Covid пен коронавирустық пневмония дерегін 1 тамыздан бастап біріктіруге уәде берді. Алайда көп ұзамай министрлік 1 тамызға дейін тіркелген коронавирустық пневмония жағдайлары мүлдем есепке алынбайтынын айтты. Ал 2 тамыз күні 1 тамызда тіркелген коронавирустық пневмонияны коронавирустың ұлттық статистикасына қоспай, бөлек жариялады.

Әлемдік Covid карталарын жүргізіп отырған орталықтар мен ұйымдар биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстан дерегін коронавирустық пневмонияны қоспай жариялап отырды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет 7 тамыз күнгі брифингте келесі бірнеше аптада коронавирустық пневмония Covid статистикасына қосылмайды деді. Алайда аптаның басында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой статистиканы бір-екі күнде біріктіруді жоспарлап отырғанын айтты.

Көптің күдігін келтіріп отырған ресми көрсеткіш бойынша, Қазақстанда 13 наурыз бен 9 тамыз аралығында 98 701 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Аурудан 1218 адам қайтыс болған. Бұл дерекке коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған. Ал 1-7 тамыз аралығында коронавирустық пневмония 12 110 адамнан анықталған. Осы аралықта аурудың бұл түрінен 137 адам қайтыс болған.

Worldometers.info және Джонс Хопкинс университетінің деректер базасында Қазақстанда 97 829 адам (8 тамыздағы дерек) коронавирусқа шалдыққан, аурудан 1057 адам қайтыс болған деп көрсетілген. Бұлай санағанда Қазақстан вирус жұқтырғандардың жалпы саны бойынша әлем елдері арасында 26-орында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG