Accessibility links

Беларусьте президент сайлауы өтіп жатыр


Беларусьтегі сайлау учаскесі.
Беларусьтегі сайлау учаскесі.

Бүгін, 9 тамыз күні Беларусьте ел президентіне дауыс беру жүріп жатыр. Елдің қазіргі президенті Александр Лукашенко сайлауға алтыншы рет түсіп отыр. Сайлауға дейін президенттікке кандидат ретінде тіркеле алмаған оппозиция саясаткерлерінің мыңдаған жақтастары ұсталды.

Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы 8.00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша күндізгі сағат 11.00) ашылды. Дауыс беру 20.00 уақытында тоқтайды. Ал 4-8 тамыз аралығында алдын ала дауыс беру жүрді.

Сайлау бюллетенінде Лукашенкодан бөлек төрт кандидаттың аты-жөні бар. Алайда Лукашенконың бас қарсыласы ретінде Светлана Тихановская танылып отыр. Ол сайлауға күйеуі Сергей Тихановскийдің орнына түскенін мәлімдеген.

Танымал видеоблогер Тихановский осы жылдың мамыр айында президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеген соң, қамауға алынып, сайлауға жіберілмеген. Блогердің әйелі кандидат ретінде тіркеліп, сайлауалды митингілерінде мыңдаған адамдарды жинады.

Аптаның басында Лукашенко Тихановская мен оның екі серіктесін "бақытсыз қыздар" деп атап, Беларусь әйелді президент етіп сайлауға дайын емес деді.

Билік оппозициялық саясаткерлер Виктор Бабарико мен Валерий Цепкалоны кандидат ретінде тіркемей қойды да, біріншісін ұлымен қосып қамап тастады, екіншісі Ресейге көшіп кетті.

Кейінгі айларда Беларусьте елді 1994 жылдан бері басқарып отырған Александр Лукашенкоға қарсы бірнеше наразылық акциялары өтті. Елде коронавирус жұқтырғандар жан басына шаққанда әлемнің ең жоғарғы көрсеткіштерін беріп отыр. Көптеген беларусь осы үшін Лукашенконы айыптап отыр. Дауыс беру Беларусь пен оның дәстүрлі серіктесі Ресей арасындағы қарым-қатынас нашарлаған тұста жүріп отыр.

Сарапшылар бұл жолы Лукашенко үшін ең тартысты сайлау болмақ деген пікір айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG