Accessibility links

Беларусьтегі ОСК: сайлаушылардың 40 пайызынан астамы алдын ала дауыс берген


Сайлау бюллетендерін тастайтын жәшік. Беларусь, 8 тамыз 2020 жыл.
Сайлау бюллетендерін тастайтын жәшік. Беларусь, 8 тамыз 2020 жыл.

Беларусьте бүгін, 9 тамыз күні президент сайлауы өтіп жатыр. Елді 1994 жылдан бері басқарып отырған Александр Лукашенко алтыншы мерзімге таласып отыр. Сайлау қарсаңында елдің бірнеше қаласында билікке наразылық акциялары өтіп, оппозициялық саясаткерлердің мыңдаған жақтастары ұсталды.

Беларусь орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылардың 41,7 пайызы алдын ала дауыс берген. ОСК-ның хабарлауынша, Гомель облысында сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беріп қойған. Ал алдын ала дауыс беруге ең аз қатысқаны – Минск тұрғындары.

Алдын ала дауыс беру сейсенбі, 4 тамыз күні басталған. Биыл алдын ала дауыс беру бойынша Беларусь сайлау тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш тіркеліп отыр. Бес жыл бұрын сайлаушылардың бар-жоғы 36 пайызы ғана алдын ала дауыс берген.

Оппозиция жақтастарын алдын ала дауыс беруге қатыспай, сайлау учаскесіне 9 тамыз күні келуге шақырды. Себебі, алдын ала дауыс беру процесін бақылау қиындау, ал бақылаушылар саны коронавирус пандемиясына байланысты онсыз да шектеліп отыр. Лукашенконың қарсыластары дәл осы алдын дауыс беру кезінде жаппай фальсификация ұйымдастырылуы мүмкін дейді.

Беларусьте барлығы 5 мыңнан астам сайлау учаскесі бар. Учаскелер шет мемлекеттерден де ашылды. Мәскеуде және Варшавада Беларусь елшілігінің алдында дауыс берушілердің кезегі пайда болған.

Сайлауға бес кандидат қатысып отыр. Олар: қазіргі президент Александр Лукашенко, күйеуі үшін сайлауға түскен Светлана Тихановская, Анна Канопацкая, Андрей Дмитриев және Сергей Черечень.

Лукашенконың басты қарсыласы ретінде Светлана Тихановскаяны көреді. Оның күйеуі танымал видеоблогер Сергей Тихановскийді сайлауалды науқан кезінде қамауға алған. Лукашенконың екі қарсыласы – Виктор Бабарико мен Валерий Цепкало сайлауға қатыстырылмады. Бабариконы қамап тастады, Цепкалы елден кетті. Бұл екеуінің сайлау штабтары Тихановскаяның штабымен бірікті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG