Accessibility links

Гонконгте демократияшыл белсенді, медиамагнат Джимми Лай ұсталды


Apple Daily кеңсесінде тінту жүргізіп жатқан полиция қызметкерлері және медиамагнат Джимми Лай. Гонконг, 10 тамыз 2020 жыл.
Apple Daily кеңсесінде тінту жүргізіп жатқан полиция қызметкерлері және медиамагнат Джимми Лай. Гонконг, 10 тамыз 2020 жыл.

10 тамызда Гонконгте медиамагнат Джимми Лай ұсталды. Оған "ұлттық қауіпсіздік туралы" жаңадан қабылданған даулы заңға сәйкес, "сыртқы күштермен астыртын байланыс орнатты" деген айып тағылған. Полиция медиа басшысының кеңсесінде тінту жүргізген.

Танымал Apple Daily басылымының иесі 71 жастағы Лай Қытай бақылауындағы Гонконг қаласында демократияны жақтайтын ірі белсенділердің бірі болған. Ол Пекин саясатын да ашық сынап келген. "Ұлттық қауіпсіздік туралы" заң қабылдап, демократияшыл оппозиция белсенділеріне қуғын күшейген шақта және елдегі сөз бостандығына қатысты алаңдаушылық ұлғайған тұста Лайдың ұсталғаны белгілі болып отыр.

"Гонконгтің ұлттық қауіпсіздік туралы заңы демократияшыл сыни пікірлерді тұншықтырып, баспасөз бостандығын шектеу үшін қолданылуы мүмкін деген қауіп шындыққа айналды. Джимми Лай босатылып, оған тағылған айыптар алынуы тиіс" деді Журналистерді қорғау комитетінің Азия елдері бағдарламасының үйлестірушісі Стивен Бутлер.

30 маусым күні Қытайдың жоғарғы заң шығару органы Гонконгтегі "ұлттық қауіпсіздік заңын" қабылдаған. Қауіпсіздік туралы заңға сәйкес, Пекин сатқындық, сепаратизм немесе терроризм деп тапқан кез келген әрекетті жасаған адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл заң Гонконгтің өзі ішінде және Батыс елдері тарапынан қатаң сынға ұшыраған. Олар заң Гонконгте саяси қуғынды күшейтеді, тұрғындардың бостандығын шектейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG