Accessibility links

Ақ үйге жақын жерде атыс болып, Трамп брифингісі үзілді


Брифинг өтіп жатқан залдан шығып бара жатқан президент Трамп және қауіпсіздік қызметінің өкілі. 10 тамыз 2020 жыл.
Брифинг өтіп жатқан залдан шығып бара жатқан президент Трамп және қауіпсіздік қызметінің өкілі. 10 тамыз 2020 жыл.

Дүйсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамптың баспасөз брифингісі кенеттен үзіліп, құпия қызметінің мамандары брифинг өтіп жатқан жерден президентті алып кетті. Бірнеше минуттан соң президент залға оралып, Ақ үйге жақын жерде атыс болғанын хабарлады.

Президент Трамптың сөзіне қарағанда құпия қызметінің мамандары қарулы адамды атқан. АҚШ президентін қорғайтын құпия қызметінің мамандары Twitter-де оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Құпия қызметінің бір өкілі және қаруы бар делінген адам ауруханада жатыр. Ресми хабарламаға сәйкес, Ақ үй аумағына ешкім кірмеген және онда жұмыс істеп жатқандарға қауіп төнбеген.

Оқиға Ақ үй орналасқан көшеде болған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, брифингте отырғандар президент сөйлей бастағаннан кейін бірнеше минут өткен соң оқ атылғанын естіген және қауіпсіздік қызметінің маманы Трампқа барып Ақ үйге жақын жерде атыс болып жатқанын хабарлаған. Президент бұдан соң брифинг залынан шығып, кабинетіне барған. Сәлден соң қайта оралып, баспасөз мәслихатын жалғастырған. "Бұл оқиғаға алаңдап тұрсыз ба?" деген сұраққа Трамп "алаңдап тұрған адамға ұқсаймын ба?" деп жауап берген.

Құпия дереккөзіне сүйенген Associated Press агенттігінің хабарлауынша, аты-жөні белгісіз ауруханада жатқан күдіктінің жағдайы ауыр. Тергеушілер оның әрекетінің себебін анықтауға тырысып жатыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG