Accessibility links

Прокурор Әсия Төлесованы бір жылға соттауды сұрады


Белсенді Әсия Төлесова.
Белсенді Әсия Төлесова.

Алматының Медеу аудандық сотында "Билік өкілін қорлады" және "Билік өкіліне күш қолданды" деп айыпталған азаматтық белсенді Әсия Төлесованың ісі бойынша сот жалғасып жатыр. Сейсенбі күні түстен кейін жарыссөз басталып, прокурор Ерлан Құланбаев Әсия Төлесованы бір жылға соттауды сұрады. Бұған қоса, соттан 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 222 мың теңге немесе 528 доллар) айыппұл төлетуді өтінді.

Прокурордың айтуынша, Төлесова "қоғамға қауіпті қылмыстық әрекет жасаған, кінәсі толығымен дәлелденген және кешірім сұрағанына қарамастан оның істеген әрекетіне өкінгені байқалмаған". Жәбірленуші алты полицей де прокурордың бұл сөзін қолдады.

Ал Төлесованы ақтауды сұраған адвокат Джохар Өтебеков өзінің дәйектерін келтірді.

– Біз сот барысында екі жағдайды қарадық. Бірі "фуражкаға қатысты", екіншісі – полиция көлігіне қатысты жағдайлар. Айыптау тарабы Төлесова алдымен Темірхановты ұрып, кейін полицейлерді қорлап, одан кейін Тұрғанбекті ұрған дейді. Алайда жауап алу кезінде хронологияның дұрыс еместігі анықталды. Алдымен полицей көлігінің алдындағы жағдай болып, кейін фуражка қағылған, – деді адвокат Өтебеков.

Қорғау тарабы полиция қызметкерінің бас киімін қағып түсірудің "дұрыс еместігін" мойындағанмен қылмыстық жазаға тартатындай әрекет емес екенін айтты.

"Төлесованың әрекеті үш-бес тәулікке қамауға алу жазасы қарастырылған "полиция қызметкерінің заңды қызметіне кедергі келтіру" бабына келеді деді Өтебеков.

Ал адвокат Әлімжан Оралбай істе негізгі дәлел ретіндегі келтірген бейнежазба монтаждалғанын, оны кім түсіргені және оның қайдан алынғанын анықтау мүмкін болмағанын атап өтті. Адвокат Назерке Ризабева оқиғаның хронологиясын шатыстырып, жеті видео материалды монтаждаған криминалисті жауапқа тартуды сұрады.

Тікелей эфирді көріңіз:

Ал Төлесованың анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Жанар Жандосова қызында қылмыс я өзге де заңбұзушылық жасау ниеті болмағанын айтты. Ол қызының адам құқығын бағалайтынын, екі атасы – жазушысы Ілияс Жансүгіров пен саяси қайраткер Ораз Жандосов репрессияға ұшырағандықтан бойында әділетсүйгіш сезімі бар екенін атап өтті. Анасы қызының бірнеше айдан бері қамауда отырғанын айтып, соттан оны қамауға алмауын сұрады.

Төлесованың өзі қорғау тарабының сөзіне қосылатынын айтты.

Белсенді Әсия Төлесова Алматыда наразылар ұсталған күні - 6 маусымдағы митингіден кейін тұтқындалған. Ол наразылық кезінде полиция қызметкерінің фуражкасын қағып түсірген. Бірақ белсендіге қарсы қозғалған қылмыстық істе бір емес - алты жәбірленуші полицей бар: Нұрбек Темірханов, Мейіржан Тұрғанбек, Ернат Сабалақов, Тасқын Талдыбаев, Ұлан Абибулла, Тілек Төлегенов.

Бұған дейін өткен алдын ала тыңдау кезінде белсендінің адвокаттары Төлесованың қолы полиция қызметкерінің басына емес, фуражкасына тигенін, олар физикалық соққы алмағанын айтқан еді.

Іс материалдарына сәйкес, жәбірленуші деп танылған бес полиция қызметкері Төлесованың "Оңбаған, сен де оңбағансың. Ешқайсың форма киюге лайық емессіңдер. Жиіркенішті, жиіркенішті мент" деген сөзін "қорлау" деп қабылдаған. Нәтижесінде Төлесова "Билік өкілін қорлау" және "Билік өкіліне қарсы күш қолдану" баптары бойынша айыпталып отыр.

Оқи отырыңыз: Қағылған қалпақ біреу, ал жәбірленуші алтау. Әсия Төлесованың ісі және белсендіні босатуға үндеу

Осыған дейін қорғау тарабы соттың объективтілігіне күмән келтіріп, судья Шәкіровты ауыстыру туралы өтініш жасағанмен өтініштері орындалмаған. Vlast сайтының жазуынша, осыған дейінгі өткен отырыстарда жәбірленушілердің тергеу органдары мен сотқа берген жауабында қарама-қайшылық бар екені де анықталған. Кейінірек тергеуші айыптау актісінде "техникалық қателік" кеткенін мойындаған.

"Төлесова ісі" бойынша сот 3 тамызда басталған. Сот үкімі 12 тамызда таңертеңгі сағат 10.30-да шығады.

Бұған дейін белгілі халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Әсия Төлесованы босатуға шақырып, белсендінің негізсіз ұсталғанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG