Accessibility links

Нұр-Сұлтанда көп балалы әйелдер 21 мың теңге жәрдемақыны қайтаруды талап етті


Денсаулық сақтау министрлігі ғимаратында министр Нұрымбетовтің шығуын талап етіп тұрған көп балалы аналар. Нұр-Сұлтан, 11 тамыз 2020 жыл.
Денсаулық сақтау министрлігі ғимаратында министр Нұрымбетовтің шығуын талап етіп тұрған көп балалы аналар. Нұр-Сұлтан, 11 тамыз 2020 жыл.

11 тамызда Нұр-Сұлтанда отыздан астам әйел әуелі – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, кейінірек денсаулық сақтау министрлігіне барып, министр Біржан Нұрымбетовтің шығуын талап етті. Олардың негізгі талаптары – әр балаға берілген 21,5 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыны қайтару, тұрмысы нашар отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, ата-ананың рұқсатынсыз балаға вакцина салмау. Наразылардың басым бөлігі – көп балалы, жалғыз басты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар.

– Менің алты балам бар. Балаларыммен жертөледе тұрып жатырмыз. Мемлекеттен ешқандай көмек көріп отырған жоқпыз. Атаулы әлеуметтік көмек те берілмейді. Құжат жасатуға барған кезде табысыңыз 42 мыңнан асып кеткен деді. Сондағы "асып кеткені" – 2 мың теңге. Мемлекет неге көп балалы отбасыларды қолдамайды? – деді наразы аналардың бірі Құралай Әлиясова.

Әйелдердің кейбірі эмоциямен сөйлеп, мемлекеттің көп балалы және жалғызбасты аналарға қажетті дәрежеде көмек көрсетпейтінін айтып, сынады. "Салютке келгенде демеушілер тауып, миллиондап қаржы жұмсайды. Депутаттарға коттедж салу үшін ақша табады. Ал көп балалы әйелдерге келгенде неге ақша болмай қалады?" деп айқайлады олар.

Министрлік ғимаратының кіреберісінде тұрған әйелдер күзет қызметкерлеріне министр шықпайынша бұл жерден кетпейтінін айтты, кейбірі пластик бөтелкемен тарсылдатып, "Нұрымбетов, шық!" деп айқайлады.

Наразылар әлеуметтік талап айтып, министрліктерге шағымданған әйелдерге көп қысым жасалып жатқанын да жеткізді.

– Осындай жерлерге келгеніміз үшін жан-жақтан қысым жасайды. Азаматтық киім кигендер әрқайсымыздың аты-жөнімізді анықтау үшін жеке-жеке видеоға түсіреді. Біз мұны қысымның түрі деп есептейміз, – деді әйелдердің бірі.

Сейсенбі күні де министрлік ғимаратының іші мен сыртында оқиғаны камераға түсіріп жүрген азаматтық киім киген адамдар болды. Бірақ олар аты-жөндерін айтудан бас тартты. Ғимарат сыртында бірнеше автозак тұрды. Ішінде арнайы жасақ өкілдері отырғаны байқалды.

Наразы аналар денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің вакцина туралы жауабына да қанағаттанған жоқ. Нұр-Сұлтан, 11 тамыз 2020 жыл.
Наразы аналар денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің вакцина туралы жауабына да қанағаттанған жоқ. Нұр-Сұлтан, 11 тамыз 2020 жыл.

Сәлден соң аналардың алдына министрлік өкілі шығып, министр Біржан Нұрымбетовтің басқа жиынға кеткенін, ғимаратта емес екенін жеткізді. "Ол кісінің уақыты жоқ. Есесіне бізге сіздердің талаптарыңызды жазып, поштамен жіберуді тапсырды" деді ол.

Бірақ аналар министрлік өкілінің сөзіне қанағаттанған жоқ. Олар Нұрымбетов шықпайынша осы жерден кетпейтінін жеткізді. 11 тамыз кешке жақын 40 шақты әйел министрлік ғимаратының сыртында тұрды. Бұл жерге денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов те келді. Наразы аналар Қожахметовтің вакцина туралы жауабына да қанағаттанған жоқ.

Маусым айында да аналар жоғарыда айтылған талаптарды айтып, министрлікке келген кезде арнайы жасақ оларды күшпен ұстап әкеткен болатын. Олардың кейбірі полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Оқи отырыңыз: Наразылыққа шығып, министрлік алдында 2 күн түнеген әйелдерді полиция күштеп әкетті

Баспана сұрап, әлеуметтік салаға назар аударуды талап еткен көп балалы әйелдер наразылығы былтырғы жылдан бері жалғасып келеді. Әйелдер наразылығынан соң билік көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге төлеу туралы шешім қабылдаған. Біраз уақыт өткен соң билік "елде үкіметке қол жаятындар" көбейіп кеткенін, "масылдық артып бара жатқанын" айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, мұны парламент пен президент қолдаған.

Былтыр күзде қабылданған ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Бірақ төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңгеден береді.

2019 жылдың 1 сәуірінен бері көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, енді биылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты төленеді. Наразылық акциясына келген әйелдер бұл шешіммен келіспейді.

11 тамыз кешке жақын әйелдердің кейбірі министрлік алдында түнейтінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG