Accessibility links

Минск "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған адамдардың" ұсталғанын хабарлады


Минскідегі наразылық кезінде арнайы жасақ адамдардың бірін ұстап жатыр. 10 тамыз 2020 жыл.
Минскідегі наразылық кезінде арнайы жасақ адамдардың бірін ұстап жатыр. 10 тамыз 2020 жыл.

Беларусьтің мемлекеттік БелТА агенттігі Минскіде "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған" адамдардың ұсталғанын хабарлады. Милицияның болжамына қарағанда, ұсталғандардың бірі – Минск тұрғыны "Беларусь" қонақүйінің 17-қабатынан бөлме жалдап, сол жерден наразылыққа "жетекшілік жасап отырған".

БелТА агенттігінің хабарлауынша, оған үш адам тіке бағынған, ол үшеу өз кезегінде жүздеген адамды басқарған.

Беларусь ІІМ сонымен бірге наразылық акциясына қатысушыларға "ақша таратқан" адамның да ұсталғанын хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, оның рюкзагынан "он мың доллардан астам" ақша табылған. Ұстау кезінде ол қауіпсіздік күштеріне "қарсылық көрсетіп, бірінің мұрнын сындырған".

Бұған дейін ведомство "арандатушылардың" да ұсталғанын хабарлаған еді. Олардың арасында "Открытая Россия" ұйымының үйлестірушілері Игорь Рогов және Артем Важенков бар. Беларусь тергеу комитеті жаппай тәртіпсіздікке қатысу бабы бойынша іс қозғаған.

Осыған дейін "Открытая Россия" тобының өкілдері Важенков пен Рогов сайлауға бақылаушы ретінде келгенін мәлімдеген. Олар Беларуське баратынын жасырмаған болатын.

Беларусьте 9 тамыздан бері наразылық акциялары жалғасып жатыр. 9 тамызда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, қазіргі басшы Александр Лукашенко сайлаушылардың 80 пайыз дауысын алып, жеңген. Ал оның басты қарсыласы, оппозиция кандидаты Светлана Тихановскаяға сайлаушылардың шамамен 10 пайызы дауыс берген. Оппозиция сайлау нәтижесі бұрмаланды деп мәлімдеді. Тихановская елден кетіп, Литваға барған.

Үш күннен бері жалғасып жатқан елдегі наразылықты арнайы жасақ күшпен басып жатыр. Мыңдаған адам ұсталған, жүздеген адам зардап шеккен. Ресми мәлімет бойынша, бір адам қаза болған.

Оқи отырыңыз: Авторитар басшылар Беларусьтегі халық толқуынан тіксініп қалды

12 тамызда үш күндік "үзілістен" соң Беларусьте мобильді интернет істей бастады. Минск интернетке "шетелден кибершабуыл жасады" деп мәлімдеді. Кейбір сарапшылар биліктің өзі интернетті бұғаттады деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG