Accessibility links

Майк Помпео: АҚШ Беларусь билігінің халыққа күш қолдануын құптамайды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео. Прага, 12 тамыз 2020 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео. Прага, 12 тамыз 2020 жыл.

АҚШ Беларусьте болып жатқан оқиғалардың халық мүддесіне қарай оңынан шешілгенін қалайды және осы ұстанымға сәйкес әрекет етеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Прагада Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

Помпеоның сөзінше, Вашингтон әзірге Минскіге қандай шара қолданатынын анықтамаған, бірақ бұл тұрғыда Еуроодақ елдерімен бірге әрекет етуге ниетті.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, АҚШ Беларусь билігінің бейбіт жиынға қатысушыларға күш қолдануын құптамайды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі бейбіт демонстранттарға күш қолданбауға шақырған еді. Помпео ресми мәлімет бойынша Александр Лукашенко жеңген Беларусьтегі сайлаудың өту барысын айыптады.

Беларусь оппозициясы сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайды және бірнеше күннен бері дауыс беруді қайта санауды және Лукашенконың отставкаға кетуін талап етіп жатыр.

Вашингтон мен Минск арасындағы сайлаудан кейінгі қарым-қатынасқа (АҚШ мұнайын Беларуське тасымалдау мәселесі де бар) тоқталған Помпео АҚШ Беларусьтегі сайлау әлдеқайда еркін әрі ашық өтеді деп үміттенгенін, бірақ сайлау кампаниясынан "қатты көңілі қалғанын" айтып, АҚШ енді осы жағдайды ескере отырып жұмыс істеуі тиіс деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG