Accessibility links

Қырғызстан Лукашенконың іздеудегі қырғыз экс-премьерімен көпшілік алдына шығуының себебін түсіндіруді талап етті


Беларусь биотехнологиялық корпорацияға барған президент Александр Лукашенкоға жобаны таныстырып тұрған Қырғызстанның бұрынғы премьеріне ұқсас адам (қолында таяқшасы бар). 10 тамыз, 2020 жыл.
Беларусь биотехнологиялық корпорацияға барған президент Александр Лукашенкоға жобаны таныстырып тұрған Қырғызстанның бұрынғы премьеріне ұқсас адам (қолында таяқшасы бар). 10 тамыз, 2020 жыл.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Беларусьтен президент Александр Лукашенконың іздеу жарияланған бұрынғы қырғыз премьері Данияр Үсеновке ұқсас адаммен көпшілік алдына шығуының себебін түсіндіруді талап етті.

"Беларусьте қашып жүр" делінген Үсеновті Қырғызстан соты 2010 жылы наразылық шеруіне шыққан бейбіт азаматтарды жаппай атуды ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі 11 тамызда Беларусьтің Бішкектегі елшілігіне қарсылық нотасын тапсырып, Үсеновті “ұстау мен экстрадициялау үшін шұғыл шара қолдануды” сұраған.

Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауында жеңді деп жариялаған Лукашенко 10 тамызда Беларусь ұлттық биотехнологиялық корпорациясына барған еді. Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі делінген адам сол корпорацияны аралаған кезде көрінген.

Бішкек осыған ұқсас өтінішті 2018 жылдың шілде айында да жасаған. Ол кезде беларусь ақпарат құралдары шенеуніктің суретін жариялап қырғыз билігі оның іздеуде жүрген премьер-министр екенін айтқан.

Беларусьтің ақпарат құралдары Лукашенко жанындағы адамды Беларусь ұлттық биотехнология корпорациясының атқарушы директоры Даниил Урицкий деп атаған.

2018 жылы шілде айында Беларусь басылымдары Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсенов аты-жөнін Даниил Урицкий деп өзгертіп, Беларусьте бизнес ашқаны туралы жазған болатын.

Қырғызстанда Үсенов, елден қашып кеткен бұрынғы президент Құрманбек Бакиев және тағы 24 айыпталушы 2010 жылғы сәуір қырғынына кінәлі деп танылып, өмірлік бас бостандықтарынан айрылған еді. Үсенов, Бакиев және өзге де айыпталушылар 2010 жылы билік құлатылған соң елден қашып кеткен.

Кейінірек Бакиевтің Беларусьте екені хабарланды. Бірақ Минск Бішкектің Бакиевті экстрадициялау туралы өтінішін орындаудан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG