Accessibility links

Беларусь зауыттарының жұмысшылары билікке қарсы наразылыққа шықты


БелАЗ зауытындағы ашық есік күні. 2019 жылғы сурет.
БелАЗ зауытындағы ашық есік күні. 2019 жылғы сурет.

Минск маңындағы Беларусь машина зауыты (БелАЗ) сайлау нәтижесіне қарсы, арнайы жасақтың бейбіт митингіге шыққан жұртқа күш қолдануына қарсы наразылыққа шықты. Бұл туралы Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады. Осыған дейін Беларусьтегі зауыттар мен кәсіпорындар 11 тамыздан бастап президент сайлауының нәтижесіне қарсы наразылыққа шығатындарын жариялаған. Кейін зауыт жұмысшылары арнайы жасақ пен полициядан наразыларға күш қолдануды тоқтатуды талап ете бастады.

Жұмысшылар ВВС тілшісіне зауыт басшылығымен кездесу ұйымдастыруды сұрап, түскі ас үзілісінде кездесуге шыққандарына йтты. Жұмысшылар БелАЗ басшылығынан арнайы жасақтың жұртқа таяқ көтеруіне, елдегі жағдайға араласуды талап еткен.

"Көп адам жиналды. Жүздеген адам келді. Ер адам қолындағы қағазға "Біз құл емеспіз" деп жазып алған. Жиналғандар "Жарайсыңдар!" деп айғайлап жатыр. Жұрт алдына зауыт басшылығы шықты. Жиналғандар "Қорқытпа" деп айғайлады. Зауыт жанынан өтіп бара жатқан көліктер сигнал басып жатыр" деп хабарлады Onliner.by тілшісі.

Наразылыққа жұмысшылардың қанша бөлігі шыққаны белгісіз. Ал зауыт өкілі "жұмыс жалғасып жатыр, тоқтатқан жоқпыз. Жұмысшыларды кездесуге шақырдық" деп хабарлады.

Telegram каналдардың хабарлауынша, Минск автомобиль зауытының да жұмысшылары наразылық білдірген. Жиналғандар "Кет!" деп айғайлаған.

"Гродно Азот" зауытында да наразылық бірнеше күннен бері жалғасып жатыр. "Гродножилстрой" жұмысшылары да қарсылық білдіргені хабарланды. Бірақ бұл мекеменің қабылдау бөлімі Onliner.by сайтына "ешқандай наразылық жоқ" деп, тұтқаны қоя салған.

"Белмедпрепараты" зауытында да жұмысшылар билікке қарсы наразылық білдірген. Бірақ компания "Медиазонаға" жұмысшылар үш ауысыммен істеп жатқанын айтып, "бәрі жақсы" деген.

"Керамин" кәсіпорнының да жұмысшылары қарсылық білдіріп жатыр. Олар кәсіпорын маңында қаз-қатар тұрған. МАПИД құрылыс компаниясының да жұмысшылары наразылыққа қосылған.

"Гродножилстрой" жұмысшылары да наразылыққа шығып, кандидат Светлана Тихановскаяға дауыс бергендерін білдіріп, қол көтеріп тұрды.

Бұған дейін Беларусь металлургия зауыты, Минск электротехника зауыты, Жабинский қант зауытының жұмысшылары да наразылық танытқаны хабарланған.

9 тамызда өткен Беларусь сайлауындан соң елдің Орталық сайлау комиссиясы 26 жылдан бері президент болып отырған Александр Лукашенко 80 пайыз дауыспен жеңіске жеткенін, оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 9,9 пайыз дауыс алғанын хабарлады. Лукашенко саясатына қарсы болған жұрт ОСК жариялаған нәтижемен келіспей, 9 тамыздан бері елде наразылыққа шығып жатыр. Наразы жұрт дауысымыз ұрланды деп санайды. Арнайы жасақ пен полиция наразыларды тарату үшін сойылмен соғып, көзден жас ағызатын газбен, құлақ тұндыратын гранатамен қолданды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG