Accessibility links

Лукашенко: Мен әлі тірімін, ешқайда кеткен жоқпын


Беларусь президенті Александр Лукашенко.
Беларусь президенті Александр Лукашенко.

Беларусьте жұрт президент сайлауының қорытындысына жаппай наразылық танытып жатқан шақта президент Александр Лукашенко өзінің ешқайда кетпегенін, "тірі екенін" айтты.

Оның сөзін БелТА ресми агенттігі жариялады. Агенттіктің хабарлауынша, Лукашенко жұма, 14 тамызда елдегі құрылыс саласын дамыту туралы жиын өткізген.

"Әуелі айта кетейін, мен әлі тірімін, ешқайда кеткен жоқпын, кейбірі президент шетел асып кетті деп оқиғаны бұрмалап жатыр. Бүгін – 14 тамыз, сіз бен біз құрылыс саласының мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз" деді Лукашенко.

Ол көпшілік алдына 10 тамыздан бері шықпаған. Бұл оның елден кетіп қалғаны туралы алып-қашпа әңгімелердің тарауына негіз болған.

Жұма күні Лукашенко сонымен бірге кәсіпорын жұмысшыларының наразылық акциясына байланысты түсініктеме берді. Оның сөзіне қарағанда, қазір елде "еңбек ұжымдарын шайқалтуға тырысып жатыр".

"Егер адам жұмыс істегісі келмесе, біз оны арқанмен байлап, ұстай алмаймыз" деді Лукашенко. Ол кәсіпорындар жұмысының тоқтауы өндірісті әлсіретіп, нарықта жеңіліске ұшыратады деді.

Дегенмен Лукашенко наразылық акциялары мен құқық қорғау органдарының бейбіт халыққа күш қолдануы туралы айтқан жоқ.

Беларусь орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Лукашенко 9 тамызда өткен президент сайлауында 80 пайыз дауыс алып, жеңіске жеткен. Бұл ақпарат елде жаппай наразылықтың тұтануына әсер етті. Шеруге қатысушылар сайлау нәтижесі бұрмаланды деп есептейді. Алғашында бірнеше күн бойы милиция наразыларды күшпен басты. Алайда бейсенбі күні билік тактикасын өзгертіп, қауіпсіздік күштері Минск пен өзге қалалардағы наразылыққа кедергі жасаған жоқ.

Наразылық жұма күні де жалғасты. Гродно Азот, Минск трактор зауыты, БМЗ сияқты ірі кәсіпорындарда ереуілдер болып жатыр. Наразылық акциясына дәрігерлер мен мұғалімдер де қосылған. Жұрт күш қолдануды тоқтатып, жаңадан әділ сайлау өткізуді талап етіп отыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG