Accessibility links

Азаттық шағымын қараған полицейлердің әрекет етпеуін заңсыз деп таныған қаулы күшіне енді


Азаттықтың түсірілім тобына кедергі келтіріп жатқан адам. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.
Азаттықтың түсірілім тобына кедергі келтіріп жатқан адам. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.

14 тамызда Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясы Бостандық ауданының прокуратуры берген шағымды қанағаттандырмай тастады. Адвокат Айман Омарованың Азаттыққа хабарлауынша, прокурор Абсатов Азаттықтың Алматы бюросының бұрынғы жетекшісі Қуанышбек Қаридың шағымы бойынша істі тергеген полицейлердің әрекетсіздігін заңсыз деп таныған қаулыға қарсылық білдірген.

– Қалалық соттың судьясы Әшірбеков тергеу сотының қаулысын күшінде қалдырды. Енді бұл қаулы заңды күшіне енді. Демек енді Қуанышбек Қаридің шағымы бойынша тергеу жүргізілуі тиіс, – дейді Омарова.

Былтыр наурыздағы билікке қарсы бейбіт митинг қарсаңында Қуанышбек Қариді қалалық ішкі саясат басқармасы қызметкерлері, прокуратура өкілі шақырып, "Митингіге барасыздар ма?" деп сұраған. Қари мұны журналист қызметіне кедергі келтіру деп бағалап, полицияға басқарма басшысының әрекеті заңсыз деп шағым түсірген.

Қаридың шағымы бойынша істі тергеген полицейлердің әрекетсіздігін заңсыз деп таныған сот қаулысы биыл 15 шілдеде шыққан.

Кейінгі уақытта елдегі наразылық шарасынан тікелей эфирден хабар таратып жүрген Азаттық тілшілеріне шабуылдар жиіледі. Бірі оператор мен тілшіге қарай әдейі газ шашса, ендігілері қолшатырмен камераны жауып, ұстауларды түсірмеуге тырысты. Бұл фактілерге қатысты құзырлы органдарға шағым түскен, бірақ әлі күнге дейін күдікті де, айыпталушы да анықталмады.

Биыл 15 сәуірде Алматы қалалық тергеу соты "Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру" ісін жүргізген полицейдің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлының шағымы бойынша істі қайта тергеуге жіберу туралы қаулы шығарды. Кейін апелляция соты бұл шешімді жойып, журналист полицияға қайта шағымдануы керегін айтқан.

Бұдан бөлек, Азат Еуропа/Азаттық радиосы мен "Америка дауысы" радиосының біріккен жобасы – "Настоящее время" телеарнасының тілшілеріне де бірнеше рет шабуыл жасалды. Олардың шағымына да полиция әрекет етпегендіктен, адвокат Айман Омарова қайта шағым түсірген.

16 шілдеде Алматының тергеу соты телеарна операторы Павел Энгельгардтың "жұмысқа кедергі келтіргендерге" қарсы шағымын қараған полицейлер мен тергеушінің әрекетін заңсыз деп таныды. Сот полицияға "жағдайды реттеп, істі қарауды" тапсырды. Дәл осындай шешім "Настоящее время" тілшісі Шолпан Оразбекованың шағымы бойынша да қабылданды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG