Accessibility links

Башқұртстан: Куштауда белсенділер мен күзетшілер қақтығысып қалды


Табиғат қорғаушылары. 15 тамыз 2020 жыл.
Табиғат қорғаушылары. 15 тамыз 2020 жыл.

Ресейдің Еділ аумағындағы Башқұртстанда белсенділер Куштау тауын қорғау акциясын өткізді. "Башкирская содовая" компаниясы (БСК) сирек кездесетін бұл табиғи ескерткішті қазып, әктас өндіргісі келеді. Ал табиғат белсенділері бұған қарсы. "Интерфакстың" хабарлауынша, 16 тамызда белсенділер БСК жұмысшылары орнатқан металл қоршауды бұзып, тауға шығуға тырысқан.

Ресейлік "Новая газета" басылымы Telegram-дағы "Куш-Тау онлайн" арнасына сүйене отырып, наразылардың камуфляж киген адамдардан сытылып өтіп, Куштауға көтерілмек болғанын жазды. Куәгерлердің сөзіне қарағанда күзетшілер аспанға бірнеше рет оқ атқан, бұдан соң қақтығыс орнында бірнеше петарда жарылған.

Оқиға орнына Росгвардия жасақтары келген. Белсенділердің айтуынша, олар көзден жас ағызатын газ қолданған. Кешке қарай БСК Куштау тауынан өнеркәсіптік техниканы шығара бастаған.

Тамыз айында БСК компаниясы Куштауда геологиялық барлау жүргізіп, таудағы орманды отай бастаған соң тұрғындар наразылық білдіріп, қақтығыс басталған. "Новая газета" басылымының жазуынша, өнеркәсіп мамандары башқұрттарға киелі саналатын тауды қазып, әктас алғысы келеді.

"Куш-Тау online" телеграм-арнасының хабарлауынша, жексенбі күнгі акцияға бірнеше мың адам қатысқан.

Куштау – ежелгі теңіз рифтерінен түзілген Башқұртстанның оңтүстігіндегі әктас қабаттары бар тау. Оның аумағында Ресей мен Башқұртстанның Қызыл кітабына енген 40-тан астам жануар мен өсімдік түрі бар.

Шілде айында жергілікті экобелсенділер әктас өндіру үшін компанияның Куштаудағы орманды шаба бастағанын хабарлаған. Бұған наразы тұрғындар содан бері наразылық акцияларын өткізіп, кейде соңы қақтығысқа ұласып жатыр. Тұрғындар көп акция өткізгенмен әзірге нәтиже жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG