Accessibility links

Жаңаөзенде тұрғындар биліктен саяси тұтқындарды босатуды талап етті


Жаңаөзен қаласы кіретін Маңғыстау облысының картасы.

17 тамызда Жаңаөзенде бір топ тұрғын мен белсенді орталық алаңға жиналып, саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етті. Полицейлер наразылықьы сыртынан бақылап, фото, видеоға түсіріп тұрды, ешкімді ұстаған жоқ. Жергілікті билік пен прокуратура өкілдері тұрғындарға "шараның заңсыз екенін" ескертіп кетті. Бұл туралы Азаттыққа Жаңаөзен тұрғыны Әлібек Бөпешов мәлімдеді.

Ол өзінің Facebook парақшасында белсенділер акциясынан тікелей эфир де жүргізді. Оның айтуынша, наразылық акциясы түскі екіде басталып, үшке дейін созылған.

Белсенділер қолдарына "саяси тұтқындарға бостандық" деген жазуы бар плакат, Арон Атабек, Макс Боқаев пен Ержан Елшібаевтың суретін ұстап тұрды. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан түрмеде отырған белсенділерді дереу босатуды талап етті.

- Арон Атабек, Макс Боқаевтар түрмеде неге жатыр? Кеше Ержан Елшібаевтың полициядан қысым көргені туралы әлеуметтік желіде хабар тарады. Ол иттің күшігі ме қорлайтын? - деді белсенді Күнсұлу Әйтешова.

Оқи отырыңыз: Елшібаев жақтастары түрме алдында белсендіге қысым жасамауды талап етті

2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде тамағына оқ тиген белсенді Нұрлыбек Нұрғалиев Ержан Елшібаевтың тұрмысы нашар және жұмыссыз жүрген отбасыларға көмек көрсеткені үшін қудаланды деп санайтынын айтып, дереу босатуды талап етті.

Наразыларға Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов пен қала прокуроры келіп карантин кезінде тұрғындар жиналуының заңсыз екенін ескертіп, заң бойынша мұндай жиын үшін алдын ала ескерту керегін айтты (Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін билікке алдын ала ескертуі тиіс, әкімдік ескертілмеген биліктің бәрін заңсыз деп атайды). Бірақ оларды жиналғандар тыңдамады.

- Егер біздің дауысымызға үкімет назар аудармаса күнде жинала береміз, - деді Күнсұлу Әйтешова.

Дүйсенбі, 17 тамызда шымкенттік бірнеше белсенді мен Елшібаевтың жұбайы Динара Иманғалиева да түрме алдына барып, белсендінің денсаулығына алаңдаушылық білдірген.

  • Арон Атабек - 2006 жылы шілде ортасында Алматының шетіндегі "Шаңырақ" ықшам ауданында "жер телімдерін заңсыз иеленіп үй салды" деп айыпталған тұрғындар мен олардың үйлерін қиратуға келген полиция арасында қақтығыстан соң қозғалған қылмыстық іс бойынша ұзақ жылға түрме жазасына кесілген төртеудің біреуі. Ол 2007 жылы 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға және Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталған. Кейін Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқов шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.
  • 46 жастағы Макс Боқаевты сот 2016 жылы сәуірде Жерді шетелдіктерге жалға беруге қатсы митингіден кейін тағы бір атыраулық белсенді Талғат Аянмен бірге "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға соттаған еді. 2018 жылы Талғат Аянның жазасы сот шешімімен шартты түрге алмастырылып, 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген болатын.
  • 2019 жылы қарашада Жаңаөзен қалалық соты 31 жастағы Ержан Елшібаевты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға соттаған. Қылмыстық іс бірнеше жыл бұрын болған оқиға үшін қозғалған. Жәбірленуші ретінде танылған адамдар айыпталушыға талаптары жоқ екенін айтса да, апелляциялық сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырған еді. Ержан Елшібаев 2019 жылдың ақпан-наурыз айларында Жаңаөзенде өткен жұмыссыздық мәселесіне қатысты наразылық шарасында көзге түскен. Наразылық кезінде жаңаөзендіктер биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап еткен болатын.
  • 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде мұнайшылар биліктен жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп, наразылыққа шыққан. Полиция наразыларға оқ атып, ресми дерек бойынша 17 адам қаза тапты.
  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG