Accessibility links

Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты сот басталды. Төрт адам күдікті


Марқұм Ғалы Бақтыбаев
Марқұм Ғалы Бақтыбаев

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу ауылындағы белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты сот басталды. 59 жастағы белсендінің қазасына байланысты процесс Қарағанды қаласында өтіп жатыр. Сот істі белсендінің қазасынан бір жыл өткен соң қарай бастады. Алғашқы отырыста айыпталушылардың жеке бас деректері анықталып, жәбірленуші – Ғалы Бақтыбаевтың қарындасы жауап берді.

Бұл іс бойынша төрт адам айыпталған. Тергеудің дерегінше, 28 жастағы Иман М. “тапсырысты орындады”, 41 жастағы Ғалым А. мен 40 жастағы Азамат Б. “Бақтыбаевты ұрды және оны өлтіруді ұйымдастырды” деп айыпталған. Ал 30 жастағы Елдар Ж. “Бақтыбаевты ұруға қатысты” деген күдікке ілінген. Төртеуі де қамауға алынған.

Тергеу Азамат Б. мен Ғалым А. Иман М-ге Бақтыбаевты өлтірсе 1 млн теңге беретінін айтып, қолына аңшы мылтығы мен бірнеше оқ ұстатқанын айтады. Тергеудің мәліметінше, 2019 жылы 27 мамырда Иман М. белсенді үйіне келіп, аулаға кіріп, Бақтыбаевтың келгенін күткен. Белсенді түн жарымда үйіне келгенде оны әйелі күтіп алып, үйге кіріп бара жатқан. Осы кезде ер адам шығып, екі рет атып, қашып кеткен. Бақтыбаев сол жерде қайтыс болған. Оның кеудесі мен басына оқи тиген.

Екі тарап та бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, істі бақылауына алуды сұраған. Айыпталушылардың жақындары полиция істе басқа мотивтерді қарамай отыр деп санайды. Олардың сөзінше, Бақтыбаев көзі тірісінде энергетикалық компаниямен дауласып, миллиондаған қаржы өндіріп алуды көздеген және оны кейін ауылдың керегіне жаратуды жоспарлаған. Айыпталушылардың туыстары белсендіні өлтіруге осы дау да себеп болуы мүмкін деп санайды.

Бақтыбаевтың қарындасы тергеу айыпталушыларды дәл тапқанын, ағасының көзі тірісінде қамауға алынғандардың бірімен, яғни бұрынғы полицеймен араздасып қалғанын айтады.

Бақтыбаевқа жақын адамдардың сөзінше, белсендіге 2017 жылдан бастап қоқаң-лоқы көрсету басталған. Ол тірі кезінде аудандағы заң бұзушылықтарды анықтап жүрген. Белгісіз біреулер оның үйінің терезесіне оқ атып, Бақтыбаев орнатқан көшедегі жарықтарды сындырған еді. 2019 жылы ақпанда оны белгісіз біреулер соғып, бетіне газ баллон шашқан. Кейін ол ауруханаға түскен. Белсендінің жақындары сол кезде полиция шабуылдағандарды тапқанда адам өлімі болмас еді деп санайды.

Келесі сот отырысы 18 тамызда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG