Accessibility links

Белсенді Есхожинге "Назарбаевтың күшіктері" деген сөзі үшін қылмыстық іс қозғалды


Ербол Есхожин өзіне қозғалған істердің бірі бойынша сотта тұр. 2019 жылдың тамызы.
Ербол Есхожин өзіне қозғалған істердің бірі бойынша сотта тұр. 2019 жылдың тамызы.

17 тамызда белсенді Ербол Есхожин Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесінде өзіне қатысты "билік өкілін қорлады" деген айыппен (Қылмыстық кодекстің 378-бабы) қозғалған екі бірдей қылмыстық іспен танысты. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі және адвокаты хабарлады. Бірнеше белсенді Есхожинді қолдауға полиция бөлімшесіне келді.

Есхожиннің айтуынша, іске белсендінің биыл 20 қаңтар мен 3 ақпанда Нұр-Сұлтандағы "Бәйтерек" монументі мен АҚШ елшілігі алдында өткен саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық кезінде орган өкілдеріне айтқан сөздері себеп болған. Бұған қоса, іске 2001 жылы жол ережесін сақтамағаны үшін салынған айыппұлдары да тіркелген. Белсенді Азаттық тілшісіне іс материалы 181 парақтан тұратынын жеткізді.

- Қылмыстық іс полицей Дәулет Құрмановтың "Facebook желісін мониторинг жасап отырып, Ербол Есхожиннің Қылмыстық кодекстің 378-бабының 2-тармағына сай келетін қылмыстық әрекетін көрдім" деген баяндамасына негізделіпті. Мен пикетке шыққан кезде бізді видеоға түсіріп тұрған криминалист "міне, күшіктер келді" және "Назарбаевтың күшіктері" деген сөздерімді естіп, ар-намысына тигенін жазған, - дейді белсенді.

Есхожиннің сөзінше, полиция тарабы жасаған сараптамада өзінің сөздерінің "билік өкілін қорлағаны" дәлденгені жазылған. Бірақ белсендінің адвокаты Ольга Эннс "тәуелсіз сараптама басқаша дәйек келтірді" дейді. Қорғаушының айтуынша, тәуелсіз сараптама “Есхожин сөзіннен ар-намысқа тию емес, жақтырмау белгісі бар” деп сипаттаған.

- Іс сотқа жолданды. Істе нақты дәлелдер емес, Есхожинді сипаттайтын материалдар мен оны әр уақытта белсенділігі үшін ұстаған әкімшілік хаттамалардан басқа ештеңе жоқ. Үш полицейдің оның сөзін естіп қалып, қатты намыстанғаны жөнінде арызы ғана бар. Бірақ ол үшін қылмыстық іс қозғау сорақылық, - дейді адвокат.

Тағы бір белсенді Айбек Сәбитов те өзіне “Билік өкілін қорлады” деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Белсендінің сөзінше, ол әзірге қылмыстық іспен таныспаған.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Азаттықтың тілшісінің “полицейлер белсенділердің сөзін не себепті қорлау деп деп қабылдағаны” туралы сауалына әзірге жауап бермеді.

45 жастағы Ербол Есхожин бұған дейін де бірнеше мәрте ұсталып, белсенділігі үшін әкімшілік жазаға тартылған. Полиция оны 30 шілдеде, Нұр-Сұлтан абақтысында жұмбақ жағдайда қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділдің асының алдында, ұстап әкетіп, “бейбіт митинг заңын бұзды” деген айыппен 15 тәулікке қамаған. Жазасын 14 тамызда өтеп шықты.

Ол өзіне қозғалған қылмыстық істі белсенділігімен байланыстырады. Ербол Есхожин – Дулат Ағаділдің үзеңгілес серіктесі. Ол мамыр айынан бері Ағаділдің отбасы үшін жұртты жұмылдырып, оның аяқсыз қалған үйін салып беруге бастама көтерген.

Үй құрылысы аяқталар сәтте белсенділер 8 тамыз күні қүрылыстың аяқталғанын атап өтетіп, марқұм Ағаділге құран бағыштайтынын айтқан соң Нұр-Сұлтанда 30-дан аса белсенді 5-15 тәулікке қамалып, 20 адамға айыппұл салынған. Белсенділерге “Бейбіт митинг өткізу заңын бұзды” деген айып тағылған.

Адвокат белсенділердің басым көбінің апелляциялық арызының қанағаттандырылмағанын, ал бірнеше адамның арызы әлі қаралмағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG